Салық органдарынан ескерту алғандар 26 наурызға дейін есеп беруі керек

Осы 20-26 наурыз аралығында 5-6 ақпанда жасалған камералдық бақылау туралы ескертулерді орындау мерзімі аяқталады. Салық органдарынан ескерту алған тұлғалар тезірек табыс бойынша есептерін өткізуі керек. Бұл туралы Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті хабарлады.
Бұған дейін салық органдары екінші деңгейлі банктерден жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың POS-терминалдар мен QR-төлемдер арқылы алған табысы туралы мәліметтерді алған еді. Ол деректерді 2023 жылғы бақылау-кассалық машиналар (БКМ) көрсеткіштері мен салықтық декларациялармен салыстырылып тексерілді. Нәтижесінде «Табысты төмендету» бойынша бұзушылықтар анықталып, ескертулер жасалды.
Кәсіпкерлер не істеуі керек?
Енді сондай ескерту алған кәсіпкерлер заңбұзушылықпен келіссе, ескертуде көрсетілгендей түзетілген салықтық есептілікті тапсыру қажет. Егер келіспесе, қағаз немесе электронды түрде түсіндірме ұсыну және табыстың төмендетілмегенін дәлелдейтін құжаттар қоса беруі тиіс.
Еске салайық, ақпанның басында салық органдары табысын дұрыс көрсетпеді деген жүздеген танымал тұлғаға ескерту жіберген еді. Олардың арасында кәсіпкерлер, блогерлер, әнші, актрисалар мен инфлюенсерлер де бар. Қоғамда шу болған соң, 12 блогер 1,4 млрд теңге кірісіне есеп тапсырған. Декларацияланған кірістен олар 73,6 млн теңге салық төледі.