Қазақстан мен Қытай мәліметтерінің үйлеспеуі кедендегі жемқорлыққа меңзейді

Жарияланды
Kursiv Research бас талдаушысы
Business News бөлімінің тілшісі
Кеден қызметі / фото: shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Қазақстан мен Қытайдың 2024 жылғы сауда мәліметтеріндегі алшақтығы кедендегі жемқорлық жасау мүмкіндігінің артқанын білдіреді. Былтыр теріс айырма 12,9 млрд доллар болды. Тәуелсіз республика тарихындағы ең ірі антирекорд.

Қай кеден қызметінің мәліметі дұрыс?

2024 жылы Қытай Қазақстанға 15,2 млрд доллардың тауарын жіберді деп есептейді қазақ кедені (ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметі). Ал Қытай кеден органдары болса одан әлдеқайда ауқымды статистика келтіріп отыр: былтыр ҚХР-дан Қазақстанға 28,1 млрд доллардың тауары экспортталған (International Trade Center мәліметтер базасы).

Көрші елдердің кеден мәліметтері арасындағы алшақтық – $12,9 млрд. Мұндай ауқымды айырма тәуелсіз Қазақстан тарихында болмаған. Бұған дейінгі антирекорд 2023 жылы тіркелген. Сол кезде қытай мәліметтері қазақ кеденінің дерегінен 9,3 млрд долларға артық болып шыққан.

Мәселе біз жақта, ал Қытай мәліметі дұрыс деген деген көзқараспен қарар болсақ, кейінгі екі жылдағы көрсеткіш кеденді басқару ісінің нашарлағанын білдіреді. Себебі 2023 жылғы алшақтық 38%, 2024 жылғы айырма 46% болған. Мәліметтер үйлеспеуі жылдан жылға көбейіп барады деген сөз.

Ескерте кететін бір жайт, Қазақстанның Қытайға экспортында айтарлықтай теріс айырма байқалмайды: кейінгі 15 жылда орташа есеппен 7% көлемінде ғана болған.

Кедендегі ерекше көзге түсетін үш тауар санаты

$12,9 млрд көлеміндегі теріс айырмаға қарап қана қандай да бір тұжырым жасау қиын. Сол себепті Дүниежүзілік кеден ұйымы тауарлардың жекелеген түріне қарай сараптама жасауға кеңес береді. Kursiv Research соны негізге ала отырып, тауарлар номенклатурасына қарай жалған мәліметті әшкерелеуге, яғни жемқорлыққа жасау мүмкіндігі жоғары тұстарын анықтауға тырысты.

Соның нәтижесінде теріс айырма көлемі 50%-дан жоғары 29 тауар санаты анықталды. Соның ішіндегі алғашқы үштік бұған дейінгі жылдары да ерекше көзге түскенін айтып өту керек. Олар:

  1. Трикотаж киім-кешек. Қазақстан Қытайдан 512 млн долларға киім-кешек трикотажы импортталды деп есеп берсе, Қытай $3,2 млрд деп белгілеген. Мұндағы теріс айырма – $2.6 млрд.
  2. Трикотаждан басқа киім-кешек. Қазақстан Қытайдан 608 млн долларға осы санаттағы тауар импортталды десе, Қытай $3,2 млрд деп көрсеткен. Мұндағы теріс айырма да $2,6 млрд.
  3. Ойыншық, ойындар және спорт құралдары. Қазақстан $194 млн, ал Қытай $772 млн деп есептеген. Теріс айырма – $289 млн.

Одан кейінгі орындарда аяқ киім, теріден жасалған бұйымдар тұр.

Дүниежүзілік кеден ұйымы салыстырмалы анализ шұғыл тексеруді алмастыра алмайтынын, бірақ жемқорлық болуы мүмкін салаларды анықтауға көмектесетінін ескертеді. Сол себепті мұндай сараптаманы түпкілікті тұжырым деп қабылдамау керек. Алайда соның өзі шешім қабылдауға, көрші елдерден келетін қай тауар түріне бақылауды күшейтіп, шұғыл тексеру жүргізуге көмектеседі.

Сондай-ақ оқыңыз