Қазақстан Батыс компанияларын елдегі мұнай өндірісін азайтуға көндіре алмай отыр – Reuters

Қазақ билігі OPEC+ талабын орындау үшін АҚШ пен Еуропаның ірі компанияларын мұнай өндірісін азайтуға көндіре алмай отыр деп жазды Reuters.
Мұнай өндірісін азайтуға көнбейді
Агенттіктің үш дереккөзінің мәліметінше, 2025 жылғы сәуірде Каспий құбыр желісі консорциумы тәулігіне 1,7 млн баррель (шамамен 6,5 млн тонна) мұнай экспорттайды. Reuters Қазақстандағы кен орындарынан осы құбырмен ағатын мұнай көлемі наурыздағымен шамалас болады. Сәуір наурыздан бір күн қысқа.
«Қазақстан OPEC+ алдындағы міндеттерін орындау үшін мұнай өндірісін қысқартуға уәде берді, бірақ оған ірі мұнай кен орындарын иегеретін америкалық және еуропалық мүнай компанияларын көндіру қиынға түседі», – деп жазды Reuters.
CPC Blend маркалы мұнайды тасымалдау наурызда азаяды деп болжанғанымен, оның көлемі кеми қоймаған. Бұны агенттік дереккөздері растаған. КҚК-ның дрондар шабуылына ұшырауы да мұнай айдау көрсеткішіне кері әсер ете алмады.
Әлем нарығындағы мұнайдың 1%-ын саудаға шығаратын КҚК құбыры 1500 шақырымға созылып жатыр. Ол негізінен Қазақстан мұнайын (80%) экспорттайды.
Қазақстан үшін маңызды мәселе
Бұл уақытта Bloomberg агенттігі Қазақстан украин дрондары елдің мұнай экспорттап отырған маңызды құбыр жұмысына кедергі келтірмес үшін Украинамен келіссөз жүргізуге ұмтылады деп хабарлады.
КҚК желісіндегі мұнай айдау станциясы дүйсенбі күні дрондар шабуылынан кейін жұмысын тоқтатты. Жөндеу жұмыстары екі айға созылар болса, мұнай айдау көлемі 30%-ға қысқаруы мүмкін.
Бұл құбырмен Қазақстанның ең ірі үш кен орнында өндірілетін мұнай айдалады. Соның ішінде Теңізді игеретін америкалық Chevron да бар. Ол кен орнын тәулігіне 260 мың баррель өндіретіндей етіп кеңейту жұмыстарын енді ғана аяқтады. Кеңейту жобасының құны – $48,5 млрд.
«Қазақстан экономикасы үшін өте маңызды мәселе. Сол себепті біз украин әріптестерімізбен дипломатиялық арналар арқылы осы жағдайды талқылаймыз», – деп жауап берген Қазақстан СІМ өкілі Айбек Смадияров Bloomberg сауалына.
Қазақ билігі биыл орындай алмайтын уәде
Қазақстанның мұнай өндіруші елдер ұйымы қойған талапты 2025 жылы орындауы екітайлай. Halyk Finance сарапшылары осылай деп есептейді. Мамандар бұның себебін Теңіз мұнай кен орнын кеңейту мәселесімен байланыстырды.
«Жыл аяғына дейін сыртқы сауда көрсеткіштері біршама өседі деп болжаймыз. Жазда Теңіз кен орнын кеңейту жобасы іске қосылады. Сол кезде экспорт артады. Соған байланысты елдің OPEC+ ұйымына берген уәдесін орындай қоюы екіталай«, – деп жазылған компания жариялаған есепте.
2025 жылғы ақпанда Қазақстантәулігіне 1,767 млн баррель өндіріп, белгіленген квотадан (1.468) әлдеқайда асып кетті.
19 ақпанда республикада тәулігіне шамамен 2,12 млн баррель (289 мың тонна) мұнай өндірді. Бұл – Қазақстан үшін жаңа рекорд.