Қазақстандағы Beeline брендіне ие холдинг былтыр 4,2 млрд доллар кіріс тапты

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Veon былтыр акциялары екі есе өскенін мәлімдеді / фото: shutterstock

Қазақстандағы Beeline брендіне ие VEON телекоммуникациялар тобы 2024 жылғы кірісі 14,6% болғанын жариялады.

Холдинг, бейсенбі, 20 наурыз күні 2024 жылдың қорытындысына қатысты есебін жариялады.

«2024 қаржы жылында кірістің базалық өсімі 14,6% болды. Кіріс көлемі Украинаға жасалған кибершабуыл, Бангладештегі саяси тәртіпсіздік және Қазақстанда TNS+-ті деконсолидациялау секілді жайттарды ескере отырып қайта есептелді» деп жазылған жылдық есепте.

Айта кетерлік жайт, Қазақстанның бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «байланыс операторлары тарифтерді келісіп көтерді» деп күдіктеніп, Beeline-нан бағаны арзандатуды талап еткен. «Тарифті түсірмейміз» деп Tele2, Altel мен Beeline мемлекеттік органның үстінен сотқа шағым түсіріп отыр.

Бір күн бұрын агенттіктің «Қазақтелекомды» да тексеруге кіріскені мәлім болды.

Кеңсесін Дубайға көшірді

Қазақстандағы Beeline, Украинадағы «Киевстар» және Бангладештегі Banglalink компанияларын біріктіретін холдингтің 2024 жылғы жалпы кірісі 4,24 млрд доллар болған. Компанияның жылдық нәтижесіне бас кеңсені ауыстыру да әсер еткені айтылған.

«2024 жыл VEON үшін өзгеріс жылы болды. Акцияларымыздың бағасы жыл көлемінде екі есе өсті. Біз акцияларымызды кері сатып алып, сауданы Nasdaq-қа шоғырландырдық. Kyivstar мен Starlink арасында стратегиялық әріптестік орнаттық. Бас кеңсемізді Дубайға көшірдік», – деп мәлімдеді холдингтің бас атқарушы директоры Каан Терзиоглу.

Алты елдегі финтех-брендтер мен телекоммуникацияларға ие Veon компаниясы осы аптада «Киевстар» акцияларын (IPO) биыл АҚШ қаржы нарығына шығаратынын растады.

Сәрсенбі күні компания Uklon украин компаниясын 155,2 млн долларға сатып алғанын жариялады. Uklon такси қызметін ұсынады.

Қазақстандағы Beeline қожайындары туралы

Бүкіл әлемде 150 миллионнан аса тұтынушысы бар Veon холдингінің ірі акционері – ресейлік «Альфа-Групп» қожайындары құрған LetterOne тобы. Компания Бермуд аралдарында тіркелген, бас кеңсесін Амстердамнан Дубайға көшірген.

Veon Қазақстандағы Beeline мобильді операторының 75% үлесіне ие. Оператордың қалған 25%-ы қазақстандық кәсіпкер Болат Өтемұратовқа тиесілі.

Сондай-ақ оқыңыз