Ұлттық банктің еншілес ұйымы 6 жылға 370 млрд теңге дивиденд төледі

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Орнықтылық қоры 370 млрд теңге дивиденд төледі / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ұлттық банк өзінің еншілес ұйымынан 370 млрд теңгеден аса дивиденд алды. Қазақстанның орнықтылық қоры бас ұйымына кейінгі 6 жылдағы қызметі үшін дивиденд төлеген. Қор биржасының сайтындағы хабарламада ақша 19 наурызда аударылғаны жазылған.

Орнықтылық қоры дивидендті екі бөліп төлеген. 2024 жылғы дивиденд 79 млрд теңгені құрады. 1 қарапайым акцияға есептегенде 159 теңге 98 тиын төленген.

Ал 2019 және 2020 жылды есетемегенде, 2017-2023 жылдар үшін 292,3 млрд теңге есептелген. Бұл ретте бір қарапайым акцияға 592,12 теңге дивиденд бөлінді.

Орнықтылық қоры қашан құрылды?

Қазақстаннның орнықтылық қоры банк секторына қаржылық қолдау көрсету мақсатында құрылған. Ол негізінен қаржы институттарын қолдау үшін облигациялар сатып алып, оларды кейін инвесторларға қайта сатады. Банктердің несиесін сатып алу және қайта сату, факторинг қызметін жүзеге асырады.

2019 жылы Ұлттық Банк «Баспана» ипотекалық ұйымын қормен біріктіру туралы шешім қабылдаған. Қазіргі кезде «7-20-25» және «Баспана-Хит» ипотекалық бағдарламаларының негізгі операторы.

2024 жылдың қыркүйек айында компания қор биржасына 446 млрд теңгеге облигация шығарады.

Бұған дейін қор 2023 жыл үшін дивиденд төлемейтінін хабарлаған. 2022- 2021 жылғы таза пайда «7–20–25» ипотекалық бағдарламасын жүзеге асыруға жұмсалған болатын. 

Сондай-ақ оқыңыз