Жошы хан, Алтын Орда немесе сақтар: қазақ мемлекеттілігінің бастауы қайда

Жошы хан, Алтын Орда немесе сақтар… Қазақ мемлекеттілігінің бастауы туралы пікірталас соңғы кездері толастар емес.
Соңғы кездері қазақ мемлекеттілігінің іргетасын Қазақ хандығының құрылуынан емес, одан әріге, Жошы ұлысынан бастау туралы мәселе көтеріліп жатыр.
Қазақ этногенезі қайдан шықты?
Десе де, тарихшы Берекет Кәрібаев бұл пікірмен келіспейді. Оның пікірінше, мемлекеттілік тарихы көне дәуірлерде қалыптасқан.
«Қазақ мемлекеттілігі скиф, сақ дәуірінен басталды. Өйткені, этногенез, мемлекеттілік, тарих, руханилық сол кезден басталады. Ал Жошы хан, одан кейінгі Алтын Орда дәуірі тек қана маңызды бір кезең. Егер кімде-кім қазақ мемлекеттілігінің тарихын Жошы ханнан бастаса, қатты қателеседі. Ал енді Қазақстанда тұрмаған, оқымаған, шетелден келген адам дегенді білдіреді», – деді тарихшы.
Жошы хан, Алтын Орда немесе сақтар деген пікірталастың түйінін тарқату тарихшылардың құзырында болуы қажет.
3 мың жылдық тарих
Берекет Кәрібаевтың пікірінше, Қазақстанда мемлекеттіліктің басталғанына 3 мың жылдан асады. Қола дәуірі аяқталып, біздің жыл санауымызға дейінгі ІХ-VIII ғасырларда қазақ жерінде археологиялық кезең аяқталады.
«Темір дәуірінде алғашқы тайпалар – Қазақстан жерінде скифтер, сақтар және сарматтар өмір сүрді. Бұл тайпаларда өзін-өзі басқару жүйесі болған. Бұл – мемлекеттіліктің алғашқы элементтері», – дейді тарихшы.
Оның пікірінше, Батыста мемлекеттің пайда болуы үшін «материалдықты», ал шығыста «руханилықты» негізге алады. Руханилық деген сөз – ел басқару құқығының «жоғарыдан» – көктен, күннен, жұлдыздан, жаратушыдан келуі.
Скиф, сақ тайпаларының саяси көсемдерінің, билеушілерінің құқығы көктен алынды делінеді.
«Мемлекеттілік бастауы содан. Одан кейінгі кезеңде ғұндар, үйсіндер, қаңлылар туралы, оларды халқы, қандай саясат жүргізгені, қанша әскері болғаны жайлы құнды мәліметтер қытай деректерінде баяндалады. Бұл – біздің жердегі мемлекеттіліктің ең алғашқы кезеңдері», – дейді Берекет Кәрібаев.
Түркі қағанаты
Одан кейінгі ең үлкен кезең – түркі дәуірі. Түркі қағанаты жарты ғасырдай өмір сүрген уақытта түркітілдес тайпалардың кеңістігін қалыптастырып берген.
«Түркітілдеске жататын 41 халық болса, солардың бәрі түркі қағанатының құрамында болды. Сахалардан бастап Гагаузияға, қазіргі Түркияға дейін өмір сүріп жатқан халықтардың бәрі Түрік қағанатында болған», – дейді Берекет Кәрібаев.
Тарихшының айтуынша, бұл – біздің жеріміздегі мемлекеттіліктің тарихи кезеңдерін құрайды. Батыс түркі қағанаты, қарлұқ, қарахандар, қимақтар, оғыздар, қыпшақтар кезеңінде мемлекеттілікті қалыптастыру, дамыту кезеңі жүріп жатты.
Жошы кім болған?
Кәрібаевтың сөзіне қарағанда, Жошы ұлысы мен Алтын Орда – қазақ мемлекеттілігінің қайнар бастауы емес, тарихындағы бір маңызды кезеңнің бірі. Ал Жошы ұлысы – 1224 жылғы құрылтай бойынша Шыңғыс хан ұлы Жошыға басқаруға берген ұлыс аумағы.
«Жошы – Шыңғысқанның бірінші әйелінен туған тоғыз баланың бірі. Бөрте 5 қыз, 4 ұл туған. Жошы – ұлдың үлкені. Әкесінен жастауынан тәрбие алды. Батыл, жау жүрек қолбасшы болған. Жазба деректер бойынша, Шағатай, Үгедейлерге қарағанда, Жошы да гуманизм басым болады. Жаулап алған елдерге оң көзбен қараған», – дейді тарихшы.
Жошы жас кезінен бастап орман тайпаларын бағындыруымен көзге түседі. Ұрыс тәсілдерін шебер меңгерген. Әкесімен бірге Қытай патшалықтарын жаулап алуға ат салысады. 1216 жылы Ырғыз жақта Меркіттерді талқандайды. Сол кездері Хоремз шах онымен бес есе көп әскерімен соғысып, жеңіліп қала жаздаған. 1219 жылы Мауренахрға бастаған жорығында моңғол әскерінің бір бағытын басқарған.
«1224 жылы Жошы ұлысын негізін қалағанмен, үш жыл ғана басқарды. Жошы Ұлытауда жерленді. Қазақ халқында Жошы туралы «ақсақ құлан теуіп өлтірді» деген аңыздар бар. Оның мавзолейі әлі күнге дейін тұр», – дейді тарихшы.
Алтын Орда
Алтын Орда мемлекетін Жошының ұрпақтары құрды. Олардың көрнектілері Орда-Ежен, Бату, Шейбан, Тұқай Темір және басқалары.
«Осы ұрпақтары жергілікті халықтардың тілін, дәстүрін қабылдап, сіңісіп кетті. Қазақ халқына сіңсе де, оларды өз шежіресінен бөлек көрсетті. Саяси элита өкілдерін «төрелер» деп атады», – дейді Кәрібаев.
Әл- Омари деген араб тарихшысы жүз жылдан кейін: «Бұл жер – қыпшақтың жері. Моңғолдар жаулап алды. Бірақ қыпшақ топырағы күшті болып, олардың бәрі қыпшақтар секілді болып кетті», – деп жазыпты.
Дешті-қыпшақтан Қазақ хандығына дейін
Бату әулеті 160 жылдай билік құрды. Олар таққа таласып, бірін-бірі өлтіріп, ақыры биліктен айырылып қалды. Кейін Жошының ұрпақтары таққа таласып, ақырында Алтын Орданы бірнеше мемлекетке бөліп алды.
«Ал Дешті-Қыпшақта ордаежендіктер билігін сақтап қалды. Бірақ қыпшақтардың моңғолдарға дейінгі билік жүргізу тәсілдері жеңіске жетті», – дейді тарихшы.
Берекет Кәрібаевтың айтуынша, XV ғасырда хандық құрған Керей-Жәнібек жергілікті халықтың өкілі болып саналады.
«Олар құрған мемлекет қазақ хандығы XV ғасырдан XІХ ғасырға дейін өмір сүрді. Соңғы хан – Кенесары. Бұрынғы Дешті-Қыпшақ енді Қазақстан деп аталды», – дейді тарихшы.
Мұның алдында Цин императорының Абылай ханды тұтқынға алуға бұйрық бергені туралы жазғанбыз.