Наурыз – Наурызнама. Ұлыстың ұлы күнін тойлау мәдениеті 37 жылда қалай өзгерді?

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Наурыз мейрамы
Наурыз мейрамы 1988 жылы қалай тойланды/коллаж kursiv.media

Наурыз – жыл басы, Ұлыстың ұлы күні. Кей деректер бұл мейрамның 3 мың жылға жуық тарихы бар екені айтылады. Тарихқа көз жүгіртсек, кеңес заманында 1926 жылы Наурызды «діни мейрам» деп атап, тойлауға тыйым салынған. Араға алпыстан аса жыл салып, Наурыз Алматыда 1988 жылы қайта тойланды. KursivMedia тілшісі сол кезде өткен тойды ұйымдастырушылардың естелігін топтастырды.

Соның бірі – сол кезде қаланың мәдениет басқармасын басқарған Елеусіз Жанпейіс. Айтуынша, 2010 жылы ЮНЕСКО-ның штаб пәтерінде «Наурыз мейрамы – 28 елдің рухани байлығы» болып бекітілген. Жанпейіс Қазақстан атынан барған азаматтар қатарында болған.

«Бұл – отбасылық мейрам. Әрбір отбасыда Наурыз мейрамында дайындық жүргізіледі. Тазалық жүргізіп, жеті түрлі дәмнен Наурыз көже әзірленеді. 1988 жылдан бастап Наурыз мейрамында құшақтасып, «Ел аман, жұрт тыныш па?» деп амандық сұрасып, ренжісіп қалған бауырлармен татуласып халқымыздың дәстүрін қалпына келтіріп едік. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деп, бұлақты тазалап, «Бір тал кессең, он тал ек» деген ұранмен табиғатқа көңіл бөлдік. 21 наурызда қыздар-жігіттер таң атқанша ойын ойнап, жаңа жылды қарсы алатын, үлкендеріміз ас әзірлейтін», – деп еске алды Елеусіз Жанпейіс.

Айтуынша, қазір мейрамды тойлау жағымпаздыққа ұласып барады.

«Қазақстан тәуелсіздігін алған жылдары мейрам кезінде президент жаңа алаңға келіп, халықпен құшақтасып, нәрестелердің бетінен сүйіп, батасын беріп, халқымен бірге жүретін. Кейін Астанаға қарай көшкеннен кейін де ұлттық киімін киіп, халқымен бірге тойлап, үлгі көрсететін. Сол жерде ұлттық ойындарымыз, тағамдарымызды тек қазақтар ғана емес, Қазақстанда тұратын түркі тектес халықтың бәрі тойға атсалысатын. Кейінгі жылдары Наурыз мейрамын фонограммамен қойылатын концертке айналдырып жіберді. Көшеде көрмелер өткізеді. Алматыдағы тойды бұрынғы, біздің кезіміздегі ұйымдастырумен салыстыруға келмейді. Көшеге киіз үй тігеді, ішіне көрме жасап қояды, бірақ ешкімді кіргізбейді. «Баға береді» деген бар. Аралап жүретіндер баға береді. Дастархан жайса да әкім кірмей тұрып, ол жерден ешкім дәм татпайды. Жағымпаздық, баға алу пайда болды», – дейді Елеусіз Жанпейіс.

Наурыз логотипінің мәні

1988 жылы қабылданған Наурыз логотипі авторының бірі – Бақыт Нөке. Айтуынша, ол кездегі логотип «Мәуелі бәйтерек» деп аталған.

«Ол кезде «АлматыГорОформление» мекемесінде жұмыс істейтінмін. Бізге Наурыз эмблемасын жасаңдар деген тапсырма келді. Алматыда дизайн тобын басқарып тұрдым. 5-6 нұсқа ұсындық. Ішінде «Мәуелі бәйтерек» нұсқасын таңдап алды. Жоғары жағында күннің белгісі тұр. Ою – өмірдің жалғасы, төмен жағындағы жайылып жатқан тамыры. Пайдаланылған түстер жердің, гүлдің белгісі. Қазір бұл нұсқаны пайдаланбайтын болды. «Наурыз» деп жазылған нұсқасын қолданады. Үш қызғалдақты қойған екен, ол көктемнің ғана символы болып тұр», – дейді Бақыт Нөке.

2024 жылы Наурыз мейрамының бірыңғай логотипі белгіленді. Мәдениет министрлігі ұсынған ақпаратқа сәйкес, логотиптің негізгі символы – қызғалдақ.

Наурыз логотипі
Наурыз логотипі/фото: gov.kz

«Жалпы қазақ халқы үшін қызғалдақ Наурыз мейрамының жарқын белгісі. Бабаларымыз ежелден-ақ қызғалдақты аялаған. Оны жұмақтың гүлі деп есептеген. Сондықтан да ол бас символ ретінде таңдалды», – деп түсіндірді министрлік.

Наурыз жаңа форматта тойланады

2024 жылдан бастап қазақстандықтар Наурыз мейрамын он күн бойы – 14-23 наурыз аралығында тойлайтын болды. Онкүндік «Наурызнама» деп аталды.

14 наурыз – Көрісу күні – Амал мерекесі

15 наурыз – «Қайырымдылық күні»

16 наурыз – «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні».

17 наурыз – «Шаңырақ күні»

18 наурыз – Ұлттық киім күні

19 наурыз – Жаңару күні.

20 наурыз – Ұлттық спорт күні

21 наурыз– Ынтымақ күні

22 наурыз – Жыл басы

23 наурыз – Тазару күні

Наурызда қанша күн демаламыз

2025 жылы Нaурыз мейрамы жұма, сенбі және жексенбі күндеріне түседі, сондықтан қосымша демалыс күндері 24 және 25 нaурызға (дүйсенбі, сейсенбі) ауыстырылады.

Бес күндік жұмыс аптасы барлар 21-25 нaурыз аралығында (бес күн қатарынан) демалады.

Алты күндік жұмыс аптасындағылар 21-24 нaурыз аралығында (төрт күн қатарынан) демалады.

Сондай-ақ оқыңыз