Бектенов қол қойды: Маңғыстауда $1,35 млрд тұратын зауытты түрік компаниясы салады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Қазақстан үкіметі қымбат химия зауытының құрылысын түрік компаниясына тапсырды / фото: ESTA Construction

Маңғыстау облысында құны 1,35 миллиард доллар тұратын аммиак, карбамид зауытын ESTA Construction түрік компаниясы тұрғызады. Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды.

Қазақ-түрік бірлескен кәсіпорыны

Бұған дейін, 4 наурызда үкімет басшысы Олжас Бектенов ESTA Construction компаниясының бас директоры Мұстафа Топракпен Астанада кездескен. Олар сол кезде Маңғыстауда 675 млрд теңгенің химия зауытын салу мәселесін талқылаған.

Үкімет мәліметінше, жобаны QazaqGaz және ESTA бірлескен кәсіпорны — «Qazesta Fertilizers LTD» компаниясы базасында іске асырады. Зауыт Маңғыстау облысы аумағында салынады. Себебі өнімдерді Каспий теңізі арқылы экспорттауға ыңғайлы.

Зауыт құрылысы үш жарым жылда аяқталады деп жоспарланды. Оған 3 мыңға дейін адам тартылады. Зауытта 400 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Оның қуаты – жылына 700 мың тоннаға дейін карбамид, 42 мың тонна аммиак өндіру.

Қазір Қазақстанда үш түрлі тыңайтқыш өндіріледі: аммиак селитрасы, аммофос және аммоний сульфаты.

Түрік компаниясы туралы мәлімет

ESTA Construction ресми сайтындағы мәліметте әлемдегі ең ірі 100 құрылыс компаниясының бірі екені айтылған. 2006 жылы Мәскеуде құрылған компания Түркия, Ресей, Беларусь, Молдова, Болгария, Грузия, Әзербайжан, Армения, Қазақстан және басқа да елдерде құрылыс жүргізген.

Сондай-ақ оқыңыз