Үкімет басшысы: Ұлытауда жеті кеншінің қазасына Қазақмыс жауапты

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Қазақстандағы кен орындарында жұмысшы өлімі жиі болып тұрады / фото: shutterstock

Үкімет комиссиясы «Жомарт» кен орнында жеті кеншінің қазасына себеп болған апатқа толықтай «Қазақмыс» корпорациясы кінәлі деп шешті. Қазақстан премьер-министрі Олжаc Бектенов депутат сауалына жауап берген уақытта осылай деп мәлімдеген.

Үкімет басшысының мәліметінше, 17 ақпанда Ұлытау облысындағы «Жомарт» кен орнында пайдалы кен өндіру кезінде жер қыртысының құрылымы өзгеріп, шахталар мен туннельдердің жағдайына әсер еткен, метан газы әдеттен тыс көп бөлінген. Соның салдарынан апат болды. Себебі жұмысшылар газ тұтанудан сақтамайтын электр құрылғыларын пайдаланған. Комиссия соны анықтады деп жазды премьер.

Комиссия апаттың бірнеше себебін атады:

  • желдеткіш жүйесінің дұрыс болмауынан шахтада ауа тазартылмаған;
  • метаны көп газ құрамын дұрыс тексермеген;
  • өндіріс қауіпсіздігін дұрыс бақыламаған.

«Жұмыс берушінің кінәсі 100 пайыз дәлелденді. Ішкі істер органдары қылмыстық іс қозғады. Тергеу жүріп жатыр», – деп хабарлайды Олжас Бектенов.

«Қазақмыс» корпорациясының 70 %-ы Владимир Кимге, 30 %-ы Эдуард Огайға тиесілі.

«Жомарт» кен орнындағы қайғылы оқиға 2025 жылғы 17 ақпанда болды. Жеті кенші қаза тапты.

19 наурызда «Қазақмыс» компаниялар тобына қарасты Ұлытау облысындағы Шығыс-Жезқазған кенішінде бір жұмысшы қаза тапты.

20 наурызда «Қазақмыс» өндіріс қауіпсіздігін күшейту мақсатында кен орындары жұмысын уақытша тоқтатты.

Сондай-ақ оқыңыз