Хитроу бір тәулікке жабылды. Лондон – Алматы рейсі шегерілді

Әлемдегі ең ірі әуежайлардың бірі – Лондондағы Хитроу жақын маңда жарық станциясы өртенуіне байланысты бір күнге жабылды. Өрт неден тұтанғаны әзірге белгісіз.
Әуежайдың бір электр станциясы істен шығуына байланысты терминалдарда қайта-қайта жарық сөне берген. Соған байланысты әуежай басшылығы Хитроуды бір тәулікке жабу жөнінде шешім қабылдаған. Жолаушыларға ескерту Лондон әуежайының сайтында жарияланды.
«Жолаушылар мен әріптестеріміздің қауіпсіздігі үшін Хитроу әуежайы 21 наурыз сағат 23.59-ға дейін жабық тұрады. Жолаушылардан әуежайға бармауды сұраймыз. Қосымша ақпарат үшін өз әуе компанияларыңызға хабарласыңыздар. Қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз», – деп хабарлайды Хитроу баспасөз қызметі.
Sky News мәліметінше, әуежайдан шамамен 2,5 шақырым жерде орналасқан Хейседегі электр станциясы өртенген. Соған байланысты осы ауданда мыңдаған үй жарықсыз қалған. Оқиға орнында түсірілген суреттерден қою қара түтін көкке көтеріліп жатқанын байқауға болады.
Қазақстанның Air Astana әуе компаниясы 21-22 наурызға жоспарланған Алматы – Лндон – Алматы бағытындағы рейс кейінге шегерілгенін хабарлады. Отандық компания жолаушыларға рейс уақытын әуе компаниясынан нақтылауды сұрайды.