Түк пайдасы жоқ: Трамп білім министрлігін қысқартты

АҚШ президенті Дональд Трамп елдің білім министрлігін қысқартуды көздейтін жарлыққа қол қойды.
«Оны тезірек жапқымыз келеді. Оның бізге түк пайдасы жоқ», – деп мәлімдеді Құрама Штаттар президенті.
Трамп мектепке барды
АҚШ-тағы білім беру жүйесін жақсартуды көздейтін құжат қабылдау рәсіміне оқушылар, мұғалімдер, губернаторлар шақыртылған. Сол үшін Ақ үйде оқушыларға арналған сынып ұйымдастырылған. Трамптың өзі де бір партаға отырған.

Жарлықта білім министрлігі ешкімді оқытпайтыны, мұндай мекемені ұстау үшін жылына қыруар ақша бөлінетіні айтылған.
«Министрліктің қоғаммен байланыс бөлімінде ғана 80-нен аса адам жұмыс істейді. Солар үшін жылда 10 млн доллар бөлінеді», – деп жазылған қаулыда.
Арнайы сыныптағы салтанатты жиында Трамп білім министрі Линда Макмэнді мақтады. Ол білім министрлігі басшылығына мекемені қысқарту үшін тағайындалған.
Линда министрлікке басшы болып келген күні-ақ қызметкерлерге электронды хат жолдап, бюрократия жайлаған аппаратты, яғни білім министрлігін тарату – соңғы маңызды миссиямыз деп жазған.
Білім министрлігінің тарихы
АҚШ білім департаментін 1979 жылы президент Джимми Картер мен Конгресс құрған. Содан бері консерваторлар осы мекемеге жиі шүйлігіп келеді. Олар экс-президент Джо Байденнің студенттер несиесін кешіруін де қатты сынаған. Дональд Трамп сайлау науқаны кезінде білім министрлігін жабуға уәде берген.
2024 жылғы мәліметке қарағанда, АҚШ білім департаментінде шамамен 4500 қызметкер істейді. Ол үкіметтегі ең шағын мекемелердің бірі.
Қазақстандағы білім беру жүйесі
Республикада 21 министрлік бар болса, солардың екеуі білім беру жүйесін жоғарыдан қадағалайды. Олар: Оқу-ағарту министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі.
Екіншісі 2022 жылы құрылған. Ол жоғары білім, тіл саясаты, ғылым салалары және бұл салалардағы цифрландыру мәселелеріне жауап береді. Министрлік штаты – 231 адам.
Оқу-ағарту министрлігіне 395 штат бөлінген. Алайда, үкіметтің 2024 жылғы мәліметіне қарағанда, министрлік қызметкерлері саны 300-ге жетпейді.