Түркияда мыңдаған адам көшеге шығып, полициямен қақтығысты

Түркияда бейсенбідегі наразылық акцияларына мыңдаған адам қатысты: Анкара, Измир және Ыстанбұл қалаларында наразы топ полициямен қақтығысып қалды.
Түркияда халық наразылығы күшейді
Президент Реджеп Ердоғанның басты саяси қарсыласы Экрем Имамоғлу сәрсенбі күні қамауға алынған. Оған жемқорлық жасады, терроршы топтарға көмектесті деген айыптар тағылған.
Түрік билігінің оппозициядағы саясаткерді қудалауы Еуропа елдерінің сынына ұшырады, ал Түркияның өз ішінде жаппай наразылық туғызды.
Ыстанбұлда төрт күн жиын өткізуге тыйым салынғанына қарамастан, халық жергілікті әкімшілік ғимараты алдына көп жиналды. Түркияда биліктің бірнеше көшені жауып, баррикада орнатуы тұрғындардың ашуын туғызды деп жазды Reuters.

Оппозиция үндеуі
Ыстанбұл әкімшілік ғимараты алдында өткен наразылық акциясында билікке оппозиция Халық-республикалық партииясының жетекшісі Озгюр Озель сөйледі.
«Әй, Ердоған, сен ең әуелі көшеден қорқасың. Енді біз көшелерде, алаңдарда тұрмыз. Сен бұғып отыра бер», – деп мәлімдеді оппозициялық партия жетекшісі.
Түркия ішкі істер министрі Әли Ерлікая мен әділет министрі Йылмаз Түнч оппозицияның халықты көшеге шығуға шақыруын «жауапсыз» деп сынады.
«Жиындар мен шерулер құқықтың айрылмас бөлігі. Бірақ тергеудегі іске байланысты көшеге шығуға үндеу заңсыз», – деп ескертті әділет министрі. Ол түн жарымында жергілікті радиода сөйлеген.
Экрем Имамоғлу туралы
Ыстанбұл мэрі Экрем Имамоғлу елге танымал тұлға. Оны елді жиырма жылдан аса уақыт басқарып келе жатқан Ердоғанның басты бәсекелесі деп санайды.
Түркияда келесі президент сайлауы 2028 жылы өтеді. Бірақ Ердоған оған қатыса алмайды, себебі екі мәрте президент қызметін атқарған. Егер ол билікті ұзартқысы келсе, кезектен тыс сайлау ұйымдастыруы, не болмаса конституцияны өзгертуі керек.