Көктемде қандай фестивальдерге баруға болады?

Жарияланды 22 Наурыз 2025 12:34

Динара Тілеубек

Динара Тілеубек

Көктемде қандай фестивальдерге баруға болады?
Көктемде қандай фестивальдерге баруға болады? / Фото: shuttestock

Әлем аралаудың тағы бір ерекше форматы — фестивальдерге саяхаттау. Мұндай саяхат жергілікті халықтың мәдениетімен тереңірек танысуға, барған еліңізді ең көрнекі, мың бояулы күйінде танып-білуге, мерекелік көңіл-күй сезінуге, ең жарқын естеліктер жинап қайтуға мүмкіндік береді. Сондықтан фестивальсүйер оқырмандарымызға көктемде болатын ең жарқын шаралар легін ұсынамыз:

Сонгкран

13-15 сәуір, Таиланд

Cонгкран — тай жаңа жылы. Жылда Таиландтың ұлттық мерекесі есебінде аталатын ауқымды фестивальге миллиондаған адам қатысады. Фестивальді басқаша «су соғысы» (water battle) деп атайды. Өйткені бұл күні жергілікті халық та, туристер де жаппай көшеге шығып, бір-бірінің үстіне су шашып ойнайды. Бұл үрдіс ежелгі барлық сәтсіздіктерді өткен жылда қалдырып, жаңа жылға тазарған күйде кіру рәсімінен қалған. Үсті-басы малмаңдай су болса да, жүзінен күлкі кетпеген адамдар, нағыз балалық шақ вайбы, әдемі безендірілген көшелер, ұлттық тай тағамдары мен ән-би атмосферасы ұнаса, биылғы Сонгкраннан қалмаңыз!

Гүлдер фестивалі

наурыз-мамыр, Нидерланд

Bloemencorso Bollenstreek — әлемдегі ең ірі гүлдер фестивалі. Фестиваль кезінде алуан түрлі гүлдерден көздің жауын алатын композициялар жасалып, гүлдер шеруі өтеді. Гүлмен көмкерілген композициялар шеруі 12 сәуірде Нордвейк қаласынан басталып, әр қалаға тоқтап, үлкен мерекеге айналады. 9-11 сәуір аралығында Нордвейкхаут ауылына барып, гүл композициялардың қалай жасалатынын тамашалай аласыз. 7 миллионға жуық гүл егілген атақты Кекенхоф паркі 20 наурыздан 11 мамырға дейін туристерге қызмет көрсетеді.

Коачелла 

11-13, 18-20 сәуір, АҚШ

Коачелла (Coachella) — жыл сайын Колорадо шөліндегі Коачелла жазығында өтетін музыка және өнер фестивалі. Мұнда поп, хип-хоп, инди-рок, электронды музыка сияқты әртүрлі жанрдағы туындыларды тыңдап, естен кетпейтін перфоманстарға куә боласыз. Коачелла жылда ең танымал әртістерді шақырады. Осыған дейін фестиваль сахнасында Beyonce, Blackpink, Kendrick Lamar, Harry Styles, The Weeknd, Ariana Grande, Billie Eilish және басқа да жұлдыздар өнер көрсеткен. Биылғы лайнапта 160-қа жуық музыкант бар. Фестивальде қандай әртістер болатынын және билеттер жайлы ақпаратты ресми сайттан — coachella.com таба аласыз.

Римнің туған күні

21 cәуір, Рим, Италия

Жергілікті тұрғындар Natale di Roma деп атайтын мерекеде б.з.д 753 жылы Рим қаласының негізін қаланған күн тойланады. Рим форумы мен Колизейде арнайы киінген актерлер ежелгі рим халқының тұрмыс-тіршілігін көрсетеді, тарихи ойындар мен гладиаторлар шайқасы өтеді. Қалада тегін шерулер мен концерттік бағдарламаларға қатысып, кешкісін Тибр өзенінің үстінен таңғажайып отшашу шоуын тамашалай аласыз. Бұрын Римде болмасаңыз, бұл мереке — Италияның тарихи астанасын армансыз аралауға жақсы мүмкіндік. Жазда жан шыдатпайтын ыстығымен белгілі Римді жаяу тануға ең қолайлы уақыт — көктем мен күз мезгілі. 

Сакураның гүлдеуі

наурыз-сәуір, Жапония

Наурыздың соңынан сәуірдің ортасына дейін Жапонияда ғажайып маусым басталады. Жергілікті халық шиенің гүлдеуін күтіп, мұның соңы «ханами» деп аталатын көктем мерекесіне ұласады. О-ханами жапон тілінен аударғанда «гүлдерге сүйсіну» деген сөз. Сакураның (шие) гүлдеуі — қас-қағым сәтте өтіп кететін әдемі шақтың символы. Сондықтан бұл кез — Жапонияда бейресми демалыс уақыты. Жапондар гүлдеген ағаш астында пикник ұйымдастырып, саябақта демалып, көп уақытын табиғат аясында өткізуге тырысады. Бұл — қысқа ғұмырлы әдеміліктің әр сәтінен ләззат алып, өмірді кейінге қалдырмау философиясы. 

Канн кинофестивалі

13-24 мамыр, Канн Франция

Кино әлеміндегі ең мәртебелі фестивальдердің бірі. Онда жылдың үздік фильмдері анықталып, кіл премьералар көрсетіледі. Фестивальге әлемдік кинематография саласының жұлдыздары, танымал актерлер мен режиссерлар қатысады. Киноға қатысыңыз болмаса да, Канн фестиваліне билет алып, күнделікті кестеде ұсынылған фильмдерді көруге мүмкіндігіңіз бар. Билеттерге сатылым  көрсетілімге 3 күн қалғанда, ticketonline.festival-cannes.com сайтында ашылады. Фестиваль қатысушыларына аккредитация керек. Канн фестиваліне қалай баруға болатыны жайлы жеке материалда талдап жазамыз. Көрсетілімге кіруге мүмкіндігіңіз болмаса, күнде кешкі 21:30-да қаладағы De La Plage жағажайында Канн фестивалінде осыған дейін көрсетілген классикалық фильмдерді тегін тамашалай аласыз. 

Сондай-ақ оқыңыз