Желілік маркетиң мен қаржы пирамидасының қармағына ілініп қалмау үшін не істеу керек

Желілік маркетиң (MLM) – жеңіл жолмен ақша табуды ғана көздейтін, ісінен гөрі бос сөзі көп бизнес түрі. Бүгінде бұл әжептәуір индустрияға айналған. Ішінде табыс табуға расында көмектесетіндері бар. Бірақ статистикаға қарасақ, қатысушылардың 90%-дан астамы ақыры салған ақшасын ала алмай, тақырға отырады екен. Бүгінгі материалымызда MLM-компаниялар қалай жұмыс істейтінін, олардың белгілері қандай екенін, қаржы пирамидасының қармағына түсіп қалмау үшін не істеу керек екенін айтамыз.
Желілік маркетиң қалай жұмыс істейді?
Бұл модельді MLM (multilevel marketing — көпдеңгейлі маркетиң) деп атайды. Мұнда сауда бірнеше сатыдан тұрады. Әр жаңа қатысушы компанияның не өнімнің дистрибьюторына айналады да, әр сатқанынан өзіне белгілі бір пайызын алып отырады. Демек неғұрлым көп адам әкеліп тартсаңыз, соғұрлым табатын ақшаңыз да көп болады деген сөз.
Желілік маркетиңді былай екі топқа бөліп қарастыруға болады:
- Заңды MLM-компаниялар – мұндай фирмалар шынымен тауар не қызмет сатады. Бірақ қатысушылардың табатын табысы жаңа дистрибьютор тапқанына ғана байланысты болмайды. Яғни затты сатып-ақ ақша тауып жүре береді.
- Қаржы пирамидасы – бұл жерде бизнес деген аты ғана. Оның астарында үлкен схема жатады. Мұндағы басты мақсат — өнімді сату емес, барынша жаңа қатысушыны көп тартып, жеңіл ақша табу.
Алаяқтар екенін қалай білеміз:
- Негізгі табыс саудадан түспейді. Табыс түсуі үшін міндетті түрде адам тартуыңыз керек.
- Міндетті түрде бір зат сатып алуыңыз керек, болмаса қатысушы жарнасын төлеуіңіз қажет.
- Компаниядан шығатын болсаңыз, салған ақшаңызды қайтармайды.
- «Оп-оңай табыс табасыз», «аз ақша салып, көп ақша аласыз» деген сынды уәдені үйіп-төгеді.
- Жүргізетін маркетиң тәсілі өте агрессив болады.
Желілік маркетиңге кіргізу үшін қолданылатын тәсілдер
Желілік маркетиңде адам тарту үшін көбіне психологиялық жолмен қармаққа ілуге тырысады. Әсіресе, мына әдістер жиі қолданылады:
1. Басқалардың табысын көрсетеді
MLM-компаниялардың көшбасшылары көбіне қымбат автокөлік мініп жүреді, үнемі саяхаттап небір қонақүйде демалады. Осының бәрін қатысушыларға көрсете отырып, «сіз де солай өмір сүре аласыз» деп қызықтырады. Дегенмен лидерлердің мұндай лакшери өмірі таза табысының емес, жаңа қатысушыны көп тартқанының есебінен түсіп отырады.
2. Эмоциялық қысым жасайды
Сізді желілік маркетиңге шақыратын адам сізге таскенеше жабысып қалады. Өйткені оның табысы сізді қосқанына байланысты екенін жақсы біледі. Сондықтан барынша эмоциялық қысым көрсетіп, жанды жеріңізге тиеді:
- «Өмір бойы осылай айлықтан-айлыққа дейін әзер жетіп жүре бересің бе?»
- «Қазір байқап көрмесең, кейін басқалардың осылай байып кеткенін көргенде өкініп қаласың»
- «Біреудің қол астында жүре бересің бе? Мына жерде өзіңе-өзің бастықсың. Рахат»
3. Компанияны қасиетті көреді
MLM-желілерде көбіне өз ішінде жабық бір қауымдастық құрылады. Ол жерде компания туралы біреу бір сын айтса болды, бірден оны сатқын деп шығады. Сондықтан сол сөзге өздері сеніп алады да, басқалар әлдебір кемшілікті айтса «бізді көре алмайды», «білмегесін айта береді» деп шындыққа тура қараудан қашады. Кейбірі тіпті сол үшін жақындарымен ат құйрығын кесіседі.
4. Пассив табыс деп жалған уәдеге тойдырады
Барлығы «бастап көрсең болғаны, кейін жүйе өзі-ақ сені іліп әкетеді. Ол кезде сен тіпті ештеңе істемей-ақ ақша алып жата бересің» деп сендіреді. Дегенмен ондай оңай ақша жоқ. Бәрібір сіз адам тарту үшін тыраштанып, басқаларға қысым жасап, жаңа қатысушының соңынан «жүгіріп» жүресіз.
Желілік маркетиңге кіріп кетпеу үшін не істеу керек?
1. Компанияны тексеріп алыңыз
Әлдебір ұсынысқа келіспес бұрын компания туралы ақпарат іздеп, оқып шығыңыз. Қазір интернет барлығында бар. Атауын жазып іздеңіз. Пікірлерді шолып шығыңыз. Қатысушылардың табысы туралы деректер қараңыз.
2. Айлық қалай берілетінін біліп алыңыз
Егер сіздің табысыңыз адам тартқаныңызға байланысты болса, онда демек бұл — қаржы пирамидасы.
3. «Аспандағы айды ала аласың» дегендей уәделерге сене бермеңіз
Егер «еш ақша салмай-ақ, пассив табыс түсіп отырады» десе, онда ол күмәнді екенін біліңіз. Жеңіл жолмен ақша табуға болады дегенге сенбеңіз.
4. Көрсеткен қысымға төтеп бере алмай, келісіп қоймаңыз
Егер сізді жанықтырып, «бұл мүмкіндікті жіберіп алсаң, бітті. Одан кейін ондай мүмкіндік берілмейді» десе, асықпай ойланып алыңыз. Демде шешім қабылдамаңыз.
5. Әй-шәй жоқ кездесулерге бара бермеңіз
Сізді бір жерге шақырып, бірақ ол жерде не болатыны туралы айтпай қоса, онда сізге психологиялық манипуляция жасауы мүмкін.
Егер кіріп кетсеңіз, қалай әрекет ету керек?
Егер желілік маркетиңге кіріп кетіп, бірақ қаншалықты тәуекелге толы жол екенін түсінсеңіз, былай істеңіз:
- Көп ақша салып тастамаңыз – неғұрлым ерте шықсаңыз, соғұрлым аз ақша шығындайсыз.
- Салған ақшаңызды қайтаруға тырысыңыз – кей компаниялар тауарларын кері алады.
- Адам тартуды доғарыңыз – жақындарыңыз бен таныстарыңызды схемаға тарта бермеңіз. Кесіріңіз тиіп кетуі мүмкін.
- Анализ жасаңыз – желілік маркетиңге кіріп кетсеңіз, оған бола өмірден баз кешудің керегі жоқ. Мұны сабақ деп қабылдап, болашақта бұл жолға түсіп кетпес үшін не істеу керегіне анализ жасаңыз.
Еске сала кетсек, 2024 жылдың аяғында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаражат тарту схемасы заңсыз компаниялар тізімін жаңартқан еді.