Саяхат жайлы фильмдер топтамасы

Жарияланды 23 Наурыз 2025 17:07

(жаңартылды 24 Наурыз 2025 16:55)
Динара Тілеубек

Динара Тілеубек

Демалыс күндері қандай фильмдер көруге болады? / Фото: kursiv.mediaархив

Қарбалас жұмыс аптасынан шаршағанда, аз ғана дамылдап, қиялымызда таңғажайып саяхатқа шығып, бүкіл әлемді шарлап кеткіміз келеді. Осындай күйді сағынсаңыз, демалыс күндері көруге саяхат жайлы фильмдер топтамасын ұсынамыз. Бұл фильмдерден кейін әлемде үнемі жақсылық пен мейірім үстемдік құрады деген балалық сеніміңіз қайта оянып, тез арада саяхатқа шығуға құлшынысыңыз оянады. Ал саяхатшы кейіпкерлердің ерекше хикаялары көзіңізге жас үйіріп, жүрегіңізді елжіретері сөзсіз.

Big Miracle, 2012

Үлкен ғажайып

Все любят китов

Бұл — 1988 жылы болған шынайы оқиға негізінде түсірілген фильм. Аляскадағы Пойнт-Барроу деп аталатын шағын қалашықта жұмыс істейтін журналист Адам Карлсон қалың мұздан ашық мұхитқа шыға алмай, тұзаққа түскен киттерді көреді. Кит тірі қалуы үшін су бетіне шығып, жиі тыныстап тұруы керек. Ал су бетін күннен-күнге қалың мұз құрсап барады. Киттер бетіне мұз қатпайтын ашық мұхитқа шығып кетейін десе, жолын қатты суықтан түзілген мұз қабырға бөгеп тұр. Журналист кішкене суға қамалып, қырылудың алдында тұрған киттер жайлы репортаж жасайды. Осыдан кейін киттердің тағдырына алаңдаған жүздеген адамның қатысуымен көңіл толқытатын, күтпеген оқиғаларға толы «кит құтқару» операциясы басталады. 

Фильм жайлы қызықты деректер:

  • Фильм журналист Том Роуздың «Freeing the Whales» кітабында жазылған оқиғаларға негізделген. 
  • 1988 жылы қырғи-қабақ соғыс кезінде АҚШ пен СССР шынымен киттерді құтқару үшін күш біріктірген.
  • Оқиға Аляскада болғанымен, фильмнің біраз бөлігі Арктика мен Канаданың суық суларында түсірілген.
  • Көркем туындыда шынайы құтқару операциясының кадрлары қолданылған.
  • Фильм қоршаған ортаны қорғау және адамның жабайы табиғатқа әсері жайлы маңызды мәселені көтереді.

True Spirit, 2023

Мұқалмас рух

Настоящий дух

Фильм австралиялық кеме спортшысы Джессика Уотсонның шынайы хикаясына негізделген. Ол 16 жасында жалғыз өзі қайықпен бүкіл әлемді айналып өтетін саяхатқа шығады. Көркем туынды жас саяхатшы қыздың арманы, оған жету жолындағы кедергілерден қалай өткені, отбасының қолдауы, ашық мұхиттағы арпалысы жайлы. Фильмнен кейін арманыңыз үшін күресіп, қайтпас қайсар болуға жігерленіп шығасыз.

Фильм жайлы қызықты деректер:

  • Фильмге Джессика Уотсонның «True spirit» деп аталатын автобиографиялық кітабы арқау болған. 2009 жылы Джессика шынымен ашық мұхитқа жалғыз саяхатқа шығып, 210 күннен кейін Сиднейге аман-есен оралды. 
  • Түсірілімге Джессика Уотсонның өзі де қатысқан. Ол режиссерге өз хикаясын айнытпай беруге көмектесті. 
  • Сахналардың бір бөлігі студияда түсірілгенімен, көп эпизод ашық мұхитта таспаланған. 
  • Шын өмірде Джессика Уотсон 12 метрлік толқынмен бетпе-бет келіп, небір ауыр сынақтан өткен.

Secret life of Walter Mitty, 2013

Уолтер Миттидің құпия өмірі

Удивительная жизнь Уолтера Митти

Уолтер Митти — қарапайым кеңсе қызметкері. Ол үлкен сапарға шығып, небір шытырман оқиғаларды бастан кешкісі келеді. Бірақ күнделікті күйбең тірліктен ұзай алмайды. Бірде тағдыр оған керемет мүмкіндік ұсынады: кеңсе қызметкері аяқ астынан Life журналының жоғалған суретін табу үшін бүкіл әлемді шарлайтын саяхатқа шығып кетеді. 

Фильм жайлы қызықты деректер:

  • Фильмде Исландия, Гренландия мен Гималаи тауларының керемет көрінісіне куә боласыз.
  • Басты рөлді сомдайтын актер Бен Стиллер бұл фильмге өзі режиссер болған.
  • Фильм сюжеті 1939 жылы жарияланған «Уолтер Миттидің құпия өмірі» деген әңгімеге негізделген. 

Seven years in Tibet, 1997

Тибеттегі 7 жыл

7 лет в Тибете

Австриялық альпинист Генрих Харрер Гималай тауларын бағындырмақ болып, соғысқа байланысты Тибеттен бір-ақ шығады. Онда жас Далай-Ламамен танысып, рухани трансформациядан өтеді.

Фильм жайлы қызықты деректер:

  • Бред Питт фильмге түсу үшін неміс акцентін үйренген.
  • Саяси астарына байланысты Қытайда бұл фильмді көрсетуге тыйым салынған.
  • Фильмде көрсетілген Тибет пейзаждарының көп бөлігі Аргентинада түсірілген.

The Motorcycle Diaries, 2004

Мотоцикл күнделігі

Дневник мотоциклиста

Шынайы оқиға желісімен түсірілген. 1952 жылы Эрнесто Че Гевара мотоциклмен Оңтүстік Америкаға саяхатқа шығады. Ол жергілікті халықтың арасында жүріп, нағыз саяхаттың дәмін татады, өзіне, өмірге деген көзқарасы өзгереді. 

Фильм жайлы қызықты деректер:

  • Фильм Че Гевараның күнделігіне негізделген.
  • Фильмге Че Гевараның досы Альберто Гранадо түскен, түсірілім кезінде оның жасы 82-де еді.
  • Фильмнің саундтрегі «Оскар» жүлдесін алды.

Into the wild, 2007

Жабайы табиғат аясында

В диких условиях

Бай отбасынан шыққан, танымал университет түлегі бәрін тастап, ақшасыз саяхатқа шығып кетеді. Мақсаты — Американы жаяу және автостоппен жүріп өтіп, Аляскаға (шын мәнінде, еркіндікке) жету. 

Фильм жайлы қызықты деректер:

  • Фильм Кристофер МакКэндлестің шынайы хикаясын баяндап жазған Джон Кракауэрдің кітабына негізделген.
  • Аляскада бас кейіпкер тұрған жер шынымен бар, бірақ кейін туристерден тыным болмаған соң, үйшікті орнынан алып тастаған.

The Little Prince, 2015

Кішкентай ханзада 

Маленький принц

Бұл — әлемге емес, өз ішіңе саяхат жайлы анимациялық фильм. Қатал тәрбие көрген қыз қарт ұшқышпен танысып, одан кішкентай ханзаданың хикаясын естиді. Фильмдегі диалогтар көрерменге көп ой салып, рухани демалыс сыйлайды.

Фильм жайлы қызықты деректер:

  • Бұл — Экзюпери кітабының алғаш анимацияланған фильм нұсқасы. Мұнда қуыршақ және 3D стилі қолданылған. 
  • «Кішкентай ханзада» үздік анимациялық фильм деп танылып, «Сезар» жүлдесін алған.

The way, 2010

Жол

Путь

Әкесі марқұм ұлын аза тұтып, соның құрметіне Португалиядан басталатын атақты Камино-де-Сантьяго жолын жүріп өтеді. Жолай көп адаммен танысып, өмір жайлы ойлары түбегейлі өзгереді. 

Фильм жайлы қызықты деректер:

  • Фильмді режиссер Эмилио Эстевес түсірген, басты рөлді оның әкесі Мартин Шин сомдайды.
  • Түсірілім шынайы құлшылық жолында өткен.
  • Фильм жарық көргеннен кейін, Камино-де-Сантьяго жолында туристер күрт көбейді.
Сондай-ақ оқыңыз