Lifestyle

2025 жылдың ең қауіпсіз көліктері: IIHS Top Safety Pick+ рейтингі

2025 жылдың ең қауіпсіз көлік модельдері белгілі болды / Фото: shutterstock

Көлік қауіпсіздігі – сатып алушылар үшін ең маңызды факторлардың бірі. АҚШ-тың Жол қауіпсіздігі сақтандыру институты (IIHS) 2025 жылдың ең сенімді көліктерін анықтап, оларға Top Safety Pick және Top Safety Pick+ марапаттарын тағайындады.

Бұл рейтингтер автокөліктердің апаттық сынақтардағы көрсеткіштеріне негізделген. Осы ретте Kursiv.Мedia тілшісі 2025 жылдың ең қауіпсіз көліктерін, IIHS-тің 2025 жылғы жаңа краш-тест нәтижелерін талдады.

IIHS марапаттары нені білдіреді?

IIHS жыл сайын әртүрлі санаттағы ондаған көлікті сынақтан өткізіп, олардың жүргізуші, жолаушылар және жаяу жүргіншілерге қаншалықты қауіпсіз екенін анықтайды. 2025 жылы Top Safety Pick+ марапатына ие болу үшін көлік мынадай талаптарға сай болуы керек:

  •   Краш-тесттерде (crash test – апаттық сынақ) «жақсы» (good) баға алу.
  •   Жаңартылған бүйірлік соқтығыс тестінде «жақсы» нәтиже көрсету.
  •   Стандартты фаралар кем дегенде «қанағаттанарлық» (acceptable) бағасын алуы керек.
  •  Жаяу жүргіншілерді қағып кетудің алдын алу жүйелері кем дегенде «қанағаттанарлық» немесе «жақсы» деп бағалануы тиіс.

Top Safety Pick марапатын алу үшін талаптар сәл жеңілірек:

  •  Краш-тесте «қанағаттанарлық» нәтиже қабылданады.
  •  Қалған апаттық сынақтарда көлік «жақсы» деген баға алуы керек.

Осылайша, Top Safety Pick+ марапаты ең жоғары қауіпсіздік стандарттарына сай келетін көліктерге ғана беріледі.

2025 жылдың ең қауіпсіз көліктері

Талаптардың күшейтілуіне байланысты марапат иегерлерінің саны азайды. Дегенмен бірнеше модель жоғары нәтижелер көрсете алды.

Шағын автомобильдердің ішіннен Honda Civic (седан және хэтчбек) және Mazda 3-ті (седан және хэтчбек) атап өту керек.

Орташа көлемдегі автомобильдердің ішінде  Honda Accord, Hyundai Ioniq 6, Toyota Camry үздік атанды.

Мықты шағын кроссоверлер мен жол талғамайтын көліктер деп Genesis GV60, Honda HR-V, Hyundai Ioniq 5, Hyundai Kona, Hyundai Tucson, Mazda CX-30, Mazda CX-50, Subaru Solterra танылды.

Орташа көлемдегі кроссоверлер мен жол талғамайтын көліктердің ішіндегі үздігі Ford Mustang Mach-E, Hyundai Santa Fe (2024 жылдың қарашасынан кейін шығарылған модельдер), Kia EV9, Kia Telluride, Mazda CX-70 (соның ішінде PHEV нұсқасы). Сондай-ақ Mazda CX-90 (соның ішінде PHEV нұсқасы), Nissan Pathfinder.

Орташа көлемдегі премиум кроссоверлер бойынша BMW X5, Genesis Electrified GV70, Genesis GV70 (2024 жылдың сәуірінен кейін шығарылған модельдер). Genesis GV80, Lincoln Nautilus, Mercedes-Benz GLC, Mercedes-Benz GLE (қосымша соқтығысудың алдын алу жүйесімен) алдыңғы қатарда.

Ал үлкен кроссоверлер мен жол талғамайтын көліктер бойынша Audi Q7, Infiniti QX80, Rivian R1S (2024 жылдың тамызынан кейін шығарылған модельдер) көш бастап тұр.

Тізімді пикаптар қорытындылайды. Оның ішінде Toyota Tundra Crew Cab (Top Safety Pick+), Rivian R1T (Top Safety Pick) ең мықты авто деп танылған.

2025 жылы не өзгерді?

Өткен жылдармен салыстырғанда АҚШ-тың Жол қауіпсіздігі сақтандыру институты тест стандарттарын айтарлықтай қатаңдатты. Әсіресе, артқы орындықтағы жолаушылардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Бұрын апаттық сынақтар негізінен жүргізуші мен алдыңғы жолаушыны қорғау деңгейін бағалайтын. Енді артқы жақта отырған жолаушылардың қауіпсіздігі де есепке алынатын болды.

Сондай-ақ көліктің жанынан соғылу сынды апатты краш-тестер саны артты:

  • Бұрын мұндай сынақ 50 км/сағ жылдамдықта жүргізілсе, енді 60 км/сағ жылдамдықпен өткізіледі.
  • Соққы массасы 1 500 кг-нан 1 900 кг-ға дейін ұлғайтылды.

Бұл өзгерістер жол талғамайтын көліктер мен пикаптар арасындағы шынайы апат жағдайларына жақынырақ сынақтар өткізуге мүмкіндік береді.

Қай көліктер көңілден шықпады?

Жаңа стандарттарға байланысты кейбір танымал модельдер үздіктер қатарынан табылмады. Әсіресе, пикаптар саны азайды: тек Toyota Tundra және Rivian R1T марапатқа лайық деп танылды.

Кейбір жол талғамайтын көліктер де күтпеген нәтижелер көрсетті. Бұрын Top Safety Pick+ алған кейбір модельдер артқы орындықтардың қауіпсіздік деңгейіне сай болмауы немесе жарық шамдарының нашар болуына байланысты бұл жолы мықтылар қатарына қосыла алмады.

Қауіпсіз көлікті қалай таңдауға болады?

Егер сіз үшін қауіпсіздік маңызды болса, автокөлік таңдағанда мына факторларға назар аударыңыз:

Біріншіден, IIHS бағалаулары – Top Safety Pick+ немесе Top Safety Pick алған модельдерді таңдаңыз.

Екіншіден, қауіпсіздік жүйелері – төтенше жағдайларда автоматты тежеу, көрінбейтін аймақты бақылау және адаптивті круиз-бақылау сияқты жүйелердің бар-жоғын тексеріңіз.

Үшіншіден, жарық шамдарының сапасы – сапалы шамдар түнде апаттың алдын алуға көмектеседі.

Төртіншіден, көліктің сыртқы темірінің беріктігі – берік рамасы бар көліктер апат кезінде жолаушыларды жақсы қорғайды.

Бесіншіден, жанынан соққы жасау бойынша тесттері – қазіргі таңда бұл да өте маңызды.

2025 жылы IIHS марапаттары қатаң талаптармен шектелді. Сондықтан тек ең қауіпсіз көліктер ғана Top Safety Pick+ мәртебесін алды. Бұл өзгерістер автоөндірушілерді қауіпсіздік стандарттарын жақсартуға итермелейді.

Егер сіз ең қауіпсіз көлікті сатып алғыңыз келсе, Top Safety Pick+ тізіміндегі модельдерге назар аударған жөн. Себебі олар жүргізушіге, жолаушыларға және жаяу жүргіншілерге ең жоғары деңгейде қорғаныс ұсынады.

Еске сала кетсек, бұған дейін бірнеше жыл өткеннен кейін де құнын жоғалтпайтын көліктер туралы жазған едік.