
Құтқарушылар Алматы облысының тауларында адасып кеткен бес балықшыны тапты. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
ТЖМ мәліметінше 22 наурыз күні кешке Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаментінің пультіне 5 адамның жоғалып кеткен туралы ақпарат келіп түскен.
22 наурыз күні таңертең ерте бес адам Ұзын-Қарғалы өзенінің бойындағы Қарғалы ауылының тауларына балық аулауға барған. Таңертең кеткен олар кешке дейін оралмаған.
Тек бір адам өздігінен таудан түсіп, қалған төрт адам – бір ересек және үш жасөспірімнің қайда екендігі белгісіз болған.
«3 бірлік техника, 2 ұқышсыз ұшу аппараты, 2 кинологиялық есеп және 2 спутниктік телефон арқылы іздестіру-құтқару жұмыстарына жұмылдырылған 13 құтқарушы балықшыларды Ұзынқарғалы бөгетінен 15 км жоғары ашық аумақта тапты», – деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Жоғалған адамдардың жағдайы тұрақты екені айтылады. Олардың ешқайсысына медициналық көмек қажет болмаған. Құтқарушылардың көмегімен олар таудан түсіріліп, елдімекендеріне аман-есен жеткізілген.