Робототехника саласы дамыған сайын пайда болатын мәселелер мен челленждер

Робототехника қарыштап дамып жатыр. Өмірдің барлық дерлік саласына еніп кеткен десек, артық емес. Өндірістен бастап, медицинаға дейін қазір жасанды интеллект арқылы көп мәселесін шешіп жатыр. Нақтылық, автоматизация жағынан мұның оң тұсы өте көп. Әйтсе де, осы орайда көп мәселенің басы қылтиятыны да жасырын емес. Кейбірі этикаға қатысты проблеманы көтерсе, енді бірі қауіпсіздік ақсап, жұмыссыздық жайлауы мүмкін деп дабыл қағады. Олай болса, заманауи робототехникамен бетпе-бет келіп жатқан мәселелерге тоқталайық.
1. Жаппай автоматтандырудың адамдарға кері әсері бар
Жасанды интеллектіге қатысты ең үлкен қауіп қандай десе, ойланбастан «адамдардың орнын басып, жұмыссыз қалдыруы мүмкін» деп жауап беретін боларсыз. Расында қазірдің өзінде автоматтандырылған жүйелер өндіріс, логистика, ритейл, қызмет көрсету салаларында адамдардың жұмысын тастай қылып орындап жатыр. Сондықтан бұлай қауіптенуге негіз бар.
- McKinsey & Company деректеріне сүйенсек, 2030 жылға қарай әлемдегі жұмыс орындарының 30%-ын автоматтандырылған жүйелер алмастыруы мүмкін.
- Қытай мен Жапонияда қазірдің өзінде зауыттар мен қоймаларда роботтар жұмыс істеп жатыр. Foxconn мен Amazon автоматизацияға байланысты мыңдаған қызметкерді қысқартқан.
- Логистика саласында жүргізушісіз жүк көліктері (Waymo, Tesla, Einride) жасалып жатыр. Бұл дегеніміз қаншама жүргізушіні жұмыссыз қалдыруы мүмкін екенін ойлай беріңіз.
Роботпен бәсекеде басып озудың қандай амалы бар? Ол — мамандықты өзгерту не жаңаларын шығару. Мәселен Еуропада жойылып кетуі мүмкін мамандық иелеріне арналған бағдарламалар бар. Ол жерде мамандығын ауыстырып, заман талабына сай басқа мамандық оқуға мүмкіндік беріледі.
2. Қауіпсіздік мәселесі де алаңдатады
Жасанды интеллектімен жасақталған роботтарды бұзып алу не манипуляция жасау оңай. Әсіресе, мына салаларға шабуыл жиі жасалады:
- Медицина: хакерлер хирург-роботтарды «бұзып» алып, науқасқа зиян тигізуі мүмкін.
- Автономды көлік: жүргізушісіз көліктерге де шабуыл жасалса, апатқа апарып соғуы мүмкін.
- Әскери технологиялар: роботтар мен дрондар қылмыскерлер мен террористердің қолына түссе, қауіп тудырады.
Мысалы, 2021 жылы жасалған бір зерттеуде мамандар өндіріс саласына жұмылдырылған роботтарды оп-оңай бұзып алуға болатынын іс жүзінде көрсеткен. Ол аздай, айтқанын жасатып, тыйым салынған әрекеттерді орындатқан. Сондықтан киберқауіпсіздік саласын дамыту керек. Әрі жасанды интеллектімен жұмыс істейтін роботтардың жұмыс алгоритмін барынша мықты қорғаныс жасау маңызды.
3. Этика мәселесі бар
Қазір роботтардың жұмысы автономды болып барады. Мұның бір жақсы тұсы болғанымен, екінші жағынан мораль және заң жағынан кераға дүниелерге әкеп соғуы мүмкін.
- Робот қателессе, оған кім жауап береді? Айталық, жүргізушісіз көлік жолда адам қағып кетті. Мұндай кезде машина иесіне жауапкершілік артыла ма, әлде алгоритмнің кінәсі бола ма?
- Маңызды шешімдерді роботтарға қабылдатуға бола ма? 2022 жылы ауруханадағы жасанды интеллект жүйесі науқастың диагнозын дұрыс қоймаған. Соның кесірінен науқастың денсаулығына зиян келген.
- Роботтарды әскери мақсатта қолдануға қатысты. Әскери дрондар мен соғысатын автономды жүйелер барын бәріміз білеміз. Ал ол қаншалықты дұрыс екеніне қатысты пікірталас тыншыған емес.
Сондықтан бұл мәселелерді реттеу үшін бәрін заңмен бекіту керек. Мысалы 2023 жылы Еуропа одағы автономды жүйелерді бақылауда ұстау туралы заң жобасын ұсынған болатын.
4. Экологиялық проблемалар
Роботтарды жасап шығару мен утилизация жасауға қатысты да дау жиі болады. Өйткені өндіріске көлемді ресурс кетеді әрі электрон қалдық көп қалады.
- Роботтарды жасау үшін литий, кобальт, сирек кездесетін жер металдар керек. Ал оны өндірген кезде қоршаған ортаға орасан зиян келеді.
- Global E-waste Monitor деректеріне қарасақ, жыл сайын әлемде 50 млн тоннадан астам электрон қалдық қалады екен. Бұл көрсеткіш өспесе, кемімейтіні тағы белгілі.
Енді бұл мәселенің қандай шешімі бар? Ол үшін экологиялық технологиялар ойлап тауып, роботтарды утилизациялауға арналған бағдарламалар әзірлеу керек. Мәселен Boston Dynamics қазіргі таңда энерготиімді модельдер жасауға кірісіп кеткен.
5. Жұрт роботтардан қорқады
Роботтың жаппай қолданысқа енгені көпшіліктің үрейін тудырады. Өйткені көбі қазір робот десе жұмысын тартып алатын не әлемді жойып жіберуге қауқарлы қауіпті құрал деп ойлайды. Осы тақырыпта жасалған сауалнамалардың нәтижесінде жасанды интеллектінің енгізіліп жатқанына және қоғамдағы автоматизацияға қауіптенеміз деп респонденттердің 60 пайызы жауап берген екен.
- 2017 жылы Сан-Францискода Knightscope күзетші-роботына күзетшілер тарапынан қарсылық болып, көтеріліс жасаған. Сондықтан роботты алып тастауға мәжбүр болған.
- Жапонияда технология қанша жерден қарқынды дамып жатыр десек те, әлеуметтік салаларда роботтарды қолданысқа енгізуге барынша абайлап қарайды. Өз мәдениеттеріне қарай қарт адамдарға күтуші қылу дегендей шаруаларды роботтарды жүктемеуге тырысады екен.
Бұл ретте этикалық стандарт, ашық зерттеулер, қоғамды құлақтандыру сияқты бастамалар көп көтерілуі керек.
2024 жылдың жазында Қазақстанда «Робот сот орындаушы» іске қосылған. Ресми деректерге сүйенсек, робот айыппұлды тегін өндіреді. Адам сот орындаушыларға қызмет ақысы ретінде 25 пайыз төлеу міндетті болса, робот осы арқылы азаматтардың қаржы жүктемесін азайтады деп жазған едік.