IELTS тестін тапсыруға дайындалып жүрсеңіз: көмектесетін кеңестер мен негізгі деректер

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: Shutterstock

IELTS – ағылшын тілі бойынша ең танымал емтихандардың бірі. Көп адам дайындықты неден бастаймын, қандай дайындық ресурстары бар, жоғары балл жинау үшін не істеу керек деген сұрақтарға жауап таба алмай ұзақ жүріп қалады. Бүгінгі материалымызда IELTS-ке дайындалу туралы мағлұмат жинап, тегін ресурстар тізімін жинап, түрлі лайфхактарды жазып, дайындық бойынша оң нәтижеге жетуге көмектесетін кеңестерді қостық.

IELTS деген не және ол не үшін қажет?

IELTS (International English Language Testing System) – оқу үшін, жұмысқа орналасуға және ағылшын тілінде сөйлейтін елдерге көшкенде қажет болатын ағылшын тілі бойынша халықаралық емтихан. Ол адамның ағылшын тілі бойынша білімін Listening, Reading, Writing және Speaking деген төрт қабілет бойынша бағалайды. IELTS балы әлемнің көп елінде үлкен маңызға ие. 

IELTS емтиханының құрылымы

Емтихан төрт бөлімнен тұрады:

1. Listening (тыңдау)

Ұзақтығы: 30 минут 

Сізге төрт блокқа бөлінген 40 сұрақ беріледі. Төрт блокта диалог, монолог, академиялық лекция мен талқы болады. Ал сұрақтар алуандығына келер болсақ, емтиханда бірнеше жауабы бар сауалдар мен түсіп қалған сөзді табу және сәйкестендіру бойынша тапсырмалар да қоса жүреді.

2. Reading (оқу)

Ұзақтығы: 60 минут. 

Құрылымы бойынша, бұл бөлімде сізге қиындығына қарай үш түрлі мәтін беріледі. 

Сол мәтіндер бойынша 40 сұраққа жауап беру қажет. Тапсырма да алуан түрлі: True/False/Not Given, Matching, Multiple Choice.

3. Writing (жазу)

Ұзақтығы: 60 минут. 

Бұл бөлімде екі негізгі тапсырма бар. Бірінші тапсырмада талапкерге кестелер мен диаграмалар және хат мәтіні беріледі. Екінші тапсырмаға сәйкес, берілген тақырып бойынша эссе жазу қажет.

4. Speaking (әңгімелесу бөлімі)

Ұзақтығы: 11-14 минут. 

Бұл бөлімде берілген тақырып бойынша 1-2 минуттық монолог құрастыра алуыңыз қажет. Сонымен қатар емтихан алушымен талқы кезеңі де осы бөлімге кіреді.

IELTS емтиханының бағалау жүйесі

IELTS 9 балдық шкаламен есептеледі, 9.0 – ең жоғары көрсеткіш. Баға әр төрт бөлімге бөлек қойылады және бәрі қосылып, соңында орташа арифметикалық балл шығарылады.

Неше балл алғаныңызға қарап, жоспар құра берсеңіз болады. Себебі IELTS нәтижесіне қатысты әр мекеменің, әр аланың өз талабы бар.

Білім саласы: университеттердің көпшілігі студенттің таңдаған оқу бағдарламасына қарай 6.0 – 7.5 балл сертификатын талап етеді.

Жұмысқа тұру: жұмыс берушілер әдетте салаға қарай 5.5 – 7.0 балл аралығындағы сертификат болуын құптайды.

Иммиграция: мұнда минимал балл талабы қай елге көшетініңізге байланысты екенін ескеру керек. Мысалы,

  • Канада6.0 балдан жоғары (қай провинцияға және қандай бағдарламамен баратыныңызға байланысты өзгереді).
  • Аустралия: жұмыс бойынша әзірленген виза үшін 6.0 – 7.0 балдан басталады.
  • Ұлыбритания: 4.0 – 7.5 аралығы, балл бойынша талап виза түріне байланысты өзгереді.

IELTS емтиханынына дайындаламыз: әр бөлімге қатысты кеңестер

Listening қабілетімізді қалай жақсартуға болады?

  • Подкастар мен дәрістерді ағылшын тілінде тыңдаңыз. Тұтынатын барлық контентті ағылшыншаға алмастырсаңыз да болады. Фильмдерден, күнделікті тыңдайтын музыкадан да ағылшын тіліндегісін таңдап, өзіңізді осы тілмен қоршап алыңыз.
  • IELTS Listening тестілеулерін көбірек тапсырып, тыңдау қабілетініңізді жаттықтырыңыз.
  • Кілт сөздер мен терминдерге мән беріңіз. Бұл емтихан кезінде де уақытыңызды үнемдеуге көп көмегін тигізеді.

Reading бөліміндегі мәтіндермен қалай тиімді жұмыс істеуге болады?

  • Мәтінді көзбен «сканерлеу» қабілетіңізді шыңдай түсіңіз. Бұл мәтінді жылдам түсінуге көмектеседі. 
  • Мәтіндерді тез оқып, жалпы мәнін тез ұғынуға жаттығыңыз. Бұл үшін жекелеген жылдам оқу курстарынан өтіп алсаңыз да болады. 
  • Мәтіннен бірден көзбен шолып, дереу кілт сөздер мен негізгі мәнін тауып алуға дағдыланыңыз. 

Writing бөлімінің эссесін қалай жазамыз?

  • Кіріспе, негізгі бөлім, қорытынды – осы нақты құрылымды ұстаныңыз
  • Түрлі лексика мен көп қолданылмайтын грамматикалық құрылымдарды пайдаланыңыз. Бұл да ақырғы нәтижеңізге оң әсер етеді.
  • Эссені IELTS-те келетін тақырыптар бойынша жазып дайындалыңыз. Сонда алдын ала сөздік қорыңыз да, грамматикалық құрылымдарыңыз да дайын болып кіресіз.

Speaking бөліміне қалай дайындаламыз?

  • Бұл үшін, әрине, ең әуелі мына дағдыны қолға алу керек: күн сайын, тіпті үнемі ағылшынша сөйлеңіз. 
  • Сөйлегенде кеткен қателерді жазып жүріңіз және үнемі талдап отырыңыз.
  • IELTS Speaking-де келуі мүмкін әдепкі сұрақтарға өз бетіңізше дайындалып, жауап беріп көре беріңіз. Осының арқасында қай тұстарыңыз ақсап тұрғанын алдын ала байқай аласыз.

IELTS емтиханына дайындалуға арналған ресурстар

Қазір елде IELTS-қа дайындық курстары көп. Онлайн дәріс те, офлайн сабақ та жетерлік. Таңдап жүріп, біріне барсаңыз болады. Өз бетімше дайындаламын, асықпаймын десеңіз де, өз еркіңіз. Себебі  IELTS-ке дайындалуға көмектесетін тегін ресурстар да баршылық.

IELTS.org –  IELTS-тың ресми сайты, мұнда тест мысалдары ұсынылған. 

British Council – бұл жерден де тегін сабақтар көріп, сынама тестілеуден өте аласыз. Cambridge English –  IELTS-тың ресми серіктесі, бұл сайттан да пайдалы кеңестер мен тест үлгілерін табуға болады. 

IELTS Liz – бұл блогта Writing, Speaking, Listening және Reading бойынша тегін сабақтар бар.

IELTS Buddy – емтиханға дайындық бойынша пайдалы кеңестерді осы жерден таба аласыз.

Сонымен қатар дайындыққа арналған арнайы қолданабалар да бар. Телефоныңызға жүктеп алып, қолыңыз қалт ете қалғанда бос уақытты осылай пайдалы өткізсеңіз де болады.

IELTS Prep App (British Council) – қолданбада тегін сынама тест тапсыруға болады.

BBC Learning English – тыңдау қабілетін жақсартып, сөздік қорды байытуға көмектеседі.

Magoosh IELTS Prep – тегін сабақтар мен дайындыққа қатысты кеңестерді осы жерден таба аласыз. 

Бұған қоса IELTS Preparation Free, IELTS Materials деген сияқты Telegram-каналдардан түрлі кітаптарды, эссе үлгілерін тауып алуға болады.

IELTS емтиханын тапсыруға қатысты лайфхактар

Емтиханда отырғанда уақытты қалай басқарамыз?

  • Reading бөлімінде қиын сұрақтарды соңына қалдырыңыз.
  • Writing бөлімінде эссенің құрылымын алдын ала құрастырып алыңыз. Бірден жаза бастағаннан ойыңыз бөлініп, керісінше, көп уақыт жоғалтып алуыңыз мүмкін.  

Қатты толқып кетпеңіз

  • Драмаға бой алдырып, қатты толқып кетпеңіз. Мұндай көңіл-күй емтихандағы жауыңыз деп біліңіз. Уайымдай бастағаныңызды сезсеңіз, бірден терең тыныс алып, қалыпқа келіп алыңыз. 
  • Әуелден сәтті тапсыратыныңызға сеніп, жақсы нәтижеге дайындалыңыз. Жоғарыда жазылған кеңестерге сүйеніп, тыңғылықты дайындалар болсаңыз, қорқатын да дәнеңе жоқ. 

 IELTS  емтиханын тапсыру қанша тұрады?

Қазақстандықтар үшін IELTS емтиханын тапсыру құны – стандарт модельдер бойынша (Academic және General Training) 89 000 теңге. 

IELTS екі форматта – қағаз және компьютер нұсқада тапсырылады. Қағаз формат айына төрт рет, ал компьютерлік формат аптасына жеті ретке дейін өткізіледі.

Емтихан күндері жайлы ақпарат IELTS Қазақстан сайтынан табуға болады. 

Емтиханға қалай тіркелеміз?

  1. Әуелі формат пен емтихан күнін таңдаңыз.
  2. Емтиханға  British Council Казахстан ресми сайты арқылы немесе өзге аккредитациядан өткен тестілеу орталықтары арқылы тіркеліңіз.
  3. Емтихан ақысын төлеңіз.
  4. Төлем жасаған соң, емтихан өтетін жер мен күні туралы толық ақпарат беріледі.

Маусымына байланысты кейде орын таппай қалуыңыз мүмкін. Сондықтан тіркелуді тым кейінгі қалдырмауға кеңес береміз.

IELTS тапсырып, одан жоғары балл жинау мүмкін емес нәрсе емес. Бар болғаны нақты дайындық жоспары бойынша әрекет етіп, тексерілген ресустарды пайдаланып, емтихан кезінде дұрыс стратегия құра білу қажет. Кез келген істе нәтижеге жетудің бір ғана формуласы бар: аз-аздан, үзбей, жүйелі түрде дайындалу, үнемі қайталап отыру және бастысы, өз күшіңе сену.

Сөз соңында жақында IELTS сынағына кіргелі жүрген барша талапкерге мотивация сыйласын деп, 17 жасында осы сынақтан максимал балл жинаған Сая Қыдырәлінің оқиғасын еске салайық. Сая  IELTS-тан ең жоғары 9.0 балл жинап, әлемдегі ең жас IELTS сарапшы атанды. Өзінің айтуынша, ол ағылшын тілін 6 жасынан үйрене бастаған, ал алғаш рет IELTS-ті 11 жасында тапсырған. Ол бір сөзінде бір кездері 9.0 балл жинау мүмкін еместей көрінгенін, алайда қажырлы еңбек пен тынымсыз дайындықтың арқасында осындай тамаша нәтижеге қол жеткізгенін айтқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз