Қытайлық компания Түркістанда мақта-тоқыма зауытын салады

Премьер-министр Олжас Бектенов Қытайдың Xinjiang Lihua компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Чжан Цихаймен кездесті. Жиыннан белгілі болғандай, шетелдік тарап Түркістан облысындағы TURAN арнайы экономикалық аймағында мақта-тоқыма кластерін салатын болды.
Жоба мақта өсіруден бастап иірілген жіп, мата, киім түріндегі басқа да дайын тоқыма өнімдерін шығаруға дейін өндірістің толық циклін құруға бағытталған. Жалпы 10 зауыт салу жоспарланып отыр. Оның ішінде мақта өңдеу зауытынан бөлек, тігін және бояу-әрлеу фабрикасы және 4 тоқыма зауыты бар. Инвестицияның жалпы сомасы 200 млрд теңгеден асады. 4 мыңнан астам жұмыс орнын, оның ішінде 3 мың тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген.
Қазір класстердің қажеттіліктері үшін ПВХ құбырларын шығаратын зауыт іске қосылды, тоқыма фабрикаларының құрылысы басталды. Инвестор суару инфрақұрылымының (каналдар желісі, сорғы стансасы) құрылысын жүргізеді.
Түркістан облысы – Қазақстанның мақта өсіретін жалғыз өңірі.
«Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыру және нақты секторға инвестиция тарту міндетін қойды. Мақта-тоқыма кластерін құру өнімнің қосылған құнын арттыруға, қайта өңдеуге және еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға баса назар аудара отырып, ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға ықпал етеді. Үкімет өз тарапынан қажетті қолдау көрсетеді»,– деді Олжас Бектенов.
Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd – Қытайдың мақта өнеркәсібіндегі ең ірі компаниялардың бірі. Шыңжаң компаниясы қытайлық 500 ірі ауылшаруашылық кәсіпорындарының рейтингінде 55-ші орында тұр. Компания тұқым өсіруден бастап, тоқыма өнімдерін шығаруға дейінгі мақтаны кешенді өңдеуге және толық өндірістік циклды басқаруға маманданған.