Түрмеде жатқан Экрем Имамоғлуды партиясы президенттікке ұсынды

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің тілшісі
Ыстанбұлдың экс-мэрі Экрем Имамоғлу / Фото: YASIN AKGUL/AFP

Түркияның оппозициялық Халықтық-республикалық партиясы (ХРП) қамауға алынған Ыстанбұл мэрі Экрем Имамоғлуды ресми түрде президенттікке ұсынды. Партия ішіндегі праймеризге 15 миллион түрік азаматы қатысып, 13,2 миллион сайлаушы Имамоғлуды қолдап дауыс берді. Ол жалғыз үміткер болды.

ХРП төрағасы Өзгүр Өзел Түркияның қазіргі президенті Режеп Тайып Ердоғанды кезектен тыс президенттік сайлау өткізуге және сол сайлауда Экрем Имамоғлумен бәсекеге түсуге шақырды.

Ыстанбұлдағы жаппай наразылықтар

Ондаған мың оппозиция жақтастары Ыстанбұл мэриясының алдында жиналып, Ердоғанның саяси қарсыласына қатысты қозғалған істі саяси қудалау деп есептейтіндерін білдіріп, наразылыққа шықты. Associated Press агенттігінің хабарлауынша, митинг барысында Өзгүр Өзел: «Имамоғлу бір жағынан түрмеде отыр, ал екінші жағынан президенттікке жол тартты», – деп мәлімдеді. Наразылық акциясында сондай-ақ жаңа президенттіке үміткердің жары Дилек Кая Имамоғлу сөз сөйледі.

Түркиядағы толқу әлі де жалғасып жатыр. Демонстранттар баррикадалар тұрғызып, полициямен қақтығысқа түскен. Нәтижесінде 66 адам қамауға алынып, бес полиция қызметкері жарақат алған.

Экрем Имамоғлу 19 наурызда қамауға алынған. Оны елде тыйым салынған Күрдістан жұмысшы партиясын (КЖП) қолдады деп айыптады. Бірақ Имамоғлу өзіне тағылған барлық кінәні жоққа шығарды. 21-22 наурыз күндері саясаткер бірнеше сағат бойы тергелді. Ал 23 наурызда сот шешімімен ресми түрде қамауға алынып, түрмеге жіберілді.

Сол күні кешке Түркияның Ішкі істер министрлігі оны уақытша қызметінен шеттететінін мәлімдеді. Алдағы күндері Ыстанбұл қалалық кеңесі (онда көпшілік орын ХРП-ға тиесілі) жаңа уақытша мэрді сайлауы тиіс.

Қазақстанның Түркиядағы елшілігі елдегі қазақстандықтарға үндеу жариялады. Оларды қалыптасқан жағдайға байланысты халық көп жиналатын орындарға бармауға, шерулер мен митингілерге қатысудан бас тартуға, күшейтілген қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.

Сондай-ақ оқыңыз