Саяхаттағанда керек болатын 10 гаджет

Жарияланды
Фото: kursiv.media архивінен

Сапарға шықпас бұрын керек-жарақты түгендеп алған абзал. Сонда саяхат жайлы болады. Әйтпесе тізім жасамай, болмаса білместікпен жолға шығып кетсеңіз, түрлі қолайсыздыққа тап болуыңыз мүмкін. Олай болмас үшін саяхат кезінде қатты керек болатын гаджеттерге шолу жасағанды жөн көрдік.

1. Байланыста болу үшін Power Bank алып жүріңіз

Смартфон, құлаққап, планшет — бәріне қуат керек. Қуаттап жүрмесеңіз, нағыз керек кезде өшіп қала салады. Соның кесірінен баратын жердің мекенжайын таба алмай, мінетін автобустың бағытын білмей қалуыңыз мүмкін. Сапарластарыңызбен хабарласа алмай қалсаңыз ол да әжептәуір мазасыздық тудырады.

Таңдағанда не нәрсеге мән беру керек:

  • Сыйымдылығы: смартфонға болса, 10 000 мА/сағ болғаны жақсы. Ал бірнеше құрылғыны қуаттайтын болсаңыз, онда —20 000 мА/сағ көбірек болсын.
  • Порт саны: бірнеше құрылғы болса не бірнеше адам болып жүретін болсаңыз, кемінде 2 порттық түрін алыңыз.
  • Жылдам қуаттайтын функция: бұл функция маңызды. Себебі тезірек қуаттап алған өзіңізге жақсы.
  • Салмағы: тым үлкен пауербанк алсаңыз, ол қосымша жүк болады. Сондықтан барынша жеңіл, сөмкеге сыятынын алған дұрыс. Айтпақшы, ұшаққа мінетін кезде әуе компаниясының талаптарын қарап шығыңыз. Себебі әр компанияда ереже әр түрлі. Бірі қолжүкке салуға рұқсат бермейді, енді бірі белгілі бір сыйымдылық мөлшерінен аспасын деп талап қояды. Міндетті түрде нақтылап алуыңыз қажет.

2. Тоққа тығатын әмбебап адаптер алып алыңыз

Шетелге шығайын деп жатсаңыз, адаптер алып кетуді ұмытпаңыз. Себебі сіздің қуаттағышыңыз ол жақтағы резеткіге келмеуі мүмкін.

Таңдағанда не нәрсеге мән беру керек:

  • Сәйкесе ме, қарап алу керек: ол үшін баратын еліңіздегі резеткі туралы алдын-ала қарап алыңыз. Ол жаққа қандай адаптер үйлеседі екен.
  • USB-порт, TypeC болса, тіпті жақсы: сонда телефон не басқа да құрылғыны қосымша қуаттағышсыз да қуаттай бересіз.
  • Жанып кетуден қорғайтын функция болсын: әсіресе электр желісі тұрақсыз елге бара жатсаңыз, қорғаныс керек.

3. Жүк өлшеу үшін электрон таразы ала кетсеңіз болады

Рұқсат етілген салмақтан асып кетсеңіз, ол сізге қосымша шығын. Бағасы кейде билетпен бірдей болып шығады. Сондықтан жүктің салмағын өлшеп алып, сенімді жүрген өзіңізге жақсы.

Таңдағанда не нәрсеге мән беру керек:

  • Максимум жүктемесіне қараңыз: қол таразылардың дені 50 келіге дейін өлшейді. Чемодан өлшеу үшін бұл әбден жеткілікті.
  • Дәлдігі: тіпті 100-200 грамм айырмас болса да, салмағы асып кетіп артық төлеуге мәжбүр қылуы мүмкін. Сондықтан таңдағанда дәл өлшейтінін алуға тырысыңыз.
  • Шағын түрі: шама келсе сөмкеге сыйып кететін шағын түрін алыңыз. Таразы артық етпейді. Өйткені саяхат кезінде қызығып неше түрлі зат сатып алып қоясыз. Ал қайтатын кезде салмағын білмей дал болмас үшін таразы көмекке келеді.

4. Шуды естіртпейтін құлаққап керек болады

Жолға шыққанда басқалардың абыр-дабыр әңгімесі, қозғалтқыштың шуы, балалардың жылағаны сізге кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан шуды басып, естіртпейтін құлаққап ал кетсеңіз болады.

Таңдағанда не нәрсеге мән беру керек:

  • Қандай түрін алған жөн: құлақты жауып тұратыны ұзақ саяхат кезінде қолайлы болады. Ал құлаққа тығып қоятындары көп орын алмайтын болғасын ыңғайлы.
  • Шу басатын функциясы (ANC): сырттағы дыбыстарды естіртпейді. Сондықтан тып-тыныш бара жатқандай әсерде боласыз.
  • Автономдығы: кемінде 20 сағатқа жететінін алыңыз. Сонда ұзақ сапарда алаңсыз жүресіз.

5. Портатив Wi-Fi-роутер ала кетсеңіз болады

Кей елдерде интернет бағасы тым қымбат болуы мүмкін. Ал кездескен Wi-Fi-дың бәріне қосыла беру қауіпті екені тағы бар. Мұндайда портатив роутер құтқарады. Өйткені ол бір уақытта бірнеше құрылғыға интернет тарата алады.

Таңдағанда не нәрсеге мән беру керек:

  • 4G немесе 5G ұстауы керек: жылдамдығы көп болған сайын жақсы.
  • Ішкі аккумуляторы: сыйымдылығы 3000 мА/сағ болатын модельдердің қуаты ұзаққа жетеді.
  • SIM-картаға байланысты: кез келген оператордың сим-картасын салуға болатын түрін алыңыз.  eSIM болса, тіпті керемет.

6. Электрон кітап жақсы серікке айналады

Жолда уақыт қысқарту үшін кітап оқығанды жақсы көрсеңіз, онда қағаз кітаптан гөрі электрон кітап ала кеткен жөн.

Таңдағанда не нәрсеге мән беру керек:

  • E-Ink экран: көзіңіз шаршамайды, қуаты ұзаққа жетеді.
  • Жарығы: қараңғы жерде де алаңсыз оқи бересіз.
  • Судан қорғайтын фукнция: теңізі бар жаққа бара жатқандарға қолайлы. Жолға Kindle Paperwhite немесе PocketBook жақсы. Екеуі де жеңіл, қуаты ұзаққа жетеді. 

7. Жүкке арналған GPS-трекер алыңыз

Жолда шабаданыңызды жоғалтып алуыңыз мүмкін. Бір жерге барып, тастап кетсеңіз, қайда қалғанын еске түсіре алмай дал боласыз. Сондықтан оңай тапқыңыз келсе, GPS-трекер орнатып қойыңыз.

Таңдағанда не нәрсеге мән беру керек:

  • Смартфоныңызбен сәйкес келе ме, тексеріп алыңыз: iPhone ұстайтындарға — Apple AirTag, ал әмбебап нұсқа керек десеңіз – Tile.
  • Автономдығы: қуаты мейлінше ұзаққа жететін түрі жақсырақ.
  • Дәлдігі: UWB технологиясы бар түрлері локацияны 1 метрге дейінгі дәлдікпен анықтап береді. Трекерді шабаданған ғана емес, балалардың киімдеріне не рюкзакқа бекітіп қойсаңыз болады.

8. Шағын үтік не буландырғыш артық болмас

Шабаданға зат сыйғызамын деп нығыздап салып жатамыз. Соның кесірінен нағыз керек кезде киімдеріміз қатты мыжылып, үтіктеу керек болады. Ал қонақүйде үтіктеп бергенге қосымша ақы алады. Жалдаған үйіңізде үтік болмай шығуы да мүмкін. Сондықтан шағын үтік ала кетсеңіз болады.

Таңдағанда не нәрсеге мән беру керек:

  • Көлемі: салмағы 1 келіден аспайтын түрін алыңыз. Әйтпесе оның да салмағы басып кетуі мүмкін.
  • Қуаты: жеңіл маталардың қыртысын жазуға 800-1000 Вт жеткілікті.
  • Автономдығы: сымсыз модель алсаңыз, ол қолайлы. Бірақ олардың қуаты тез отырып қалатынын ескеріңіз. Негізі үтікке қарағанда буландырғыш дұрысырақ. Ол қыртысты жақсы жазады.

9. Суға арналған фильтр ала кетіңіз

Суының сапасы күмәнді елге бара жатсаңыз, ерінбей фильтр алып кетіңіз. Әйтпесе барған соң ішіңіз ауырып, құсуыңыз мүмкін. Ал жолдау ауырған адам екі есе қиналады.

Таңдағанда не нәрсеге мән беру керек:

  • Механикалық не көмір қосылған түрі: механикалық түрі суды тазартады, ал көмірі бары судың дәмін тәтті қылады.
  • Сүзгілеу жылдамдығы: неғұрлым жоғары болса, соғұрлым жақсы.
  • Көлемі: құмыра сияқты түріне қарағанда бөтелке ыңғайлырақ.

10. Экшн-камера не жиналатын дрон болса тіпті жақсы

Сапардағы ерекше сәттер есте қалсын десеңіз, онда сізге экшн-камера не дрон керек. Бұл смартфонның қолынан келмейтін талай функцияны атқарады.

Таңдағанда не нәрсеге мән беру керек:

  • Түсірілім сапасы: ең дұрыс нұсқа — 4K.
  • Стабилизация: ішінде стабилизатор орнатылған болса видеоның сапасы жоғарырақ болады.
  • Көлемі: GoPro немесе DJI Osmo Action сияқты құрылғылар қалтаға сыйып кетеді. Биіктен түсіргіңіз келсе, мини-дрон алған жақсы. Мысалы DJI Mini 3 салмағы жеңіл әрі көп елде тіркемей-ақ қолдануға рұқсат берілген. 

Еске сала кетсек, баламен бірге жолға шыққандарға арналған лайфхактарды мына материалда бөліскен едік. Сапарда баланың іші пыспасын, жолды оңай көтерсін десеңіз, қарап шығыңыз. 

Сондай-ақ оқыңыз