
Илон Маск — технологияның болашағы, электромобиль, ғарыш туралы қалыптасқан түсінікті «төңкеріп» тастаған тұлға. Мұндай адамның кітап оқымауы мүмкін емес. Шынында сұхбаттарында кітаппен дос екенін, тұлға ретінде қалыптасуына зор ықпал еткенін бірнеше мәрте атап өткен. Бала кезден 10 сағаттап жата-жастанып кітап оқыған. Маск көркем әдебиетті де, пәлсапаны да, ғылыми әдебиеттерді де жақсы көреді. Осы ретте бас визионердің сүйікті 6 кітабына шолу жасағанды жөн көрдік.
1. The Hitchhiker’s Guide to the Galaxy — «Автостопом по Галактике» (Дуглас Адамс)
Кітап туралы
Бұл роман қоғам мен біздің оны қабылдауымызға қатысты интеллектуал сатира ретінде жазылғандай әсер қалдырады. Бас кейіпкер — Артур Дент. Ол Жер жойылып кеткеннен кейін тірі қалған жалғыз адам болады. Сөйтіп біртүрлі кейіпкерлерге толы таңғажайып саяхатқа аттанады. Сапарда ол терең пәлсапаға үңіліп, көп сұраққа жауап іздейді.
Маск неге бұл кітапты ұсынады?
Масктің айтуынша, бұл кітаптың арқасында ол ойлау өрісін кеңейткен, тіпті образын өзгерткен. Миға қонымсыз көрінетін, стандартқа сыймайтын сұрақтар қоюы үйреткен. Кітаптың басты идеясы — жауаптан гөрі, дұрыс қойылған сұрақ маңызды дегенді меңзейді.
«Егер сұрақты дұрыс қоя алсаңыз, оған алатын жауабыңыз да дұрыс болады», — деген екен Маск The New Yorker басылымына берген сұхбатында.
2. Foundation — «Фонд» (Айзек Азимов)
Кітап туралы
Айзек Азимовтың эпик сагасында адамзаттың болашағы мен қирап қалудың аз-ақ алдында тұрған Галактикалық империя туралы айтылады. Гэри Селдон есімді ғалым адамдардың біразына тән әрекеттер заңдылығын зерттей отырып, математикалық әдіс арқылы болашақты болжай алатын концепция жасағысы келеді. Сөйтіп ол жаһанданудың құритынын болжап, хаостан келетін қауіпті мейлінше азайту үшін «Қор» құрады.
Маск неге бұл кітапты ұсынады?
Азимовтың идеясы бойынша, адамзат алда болатын кризистерге дайын болуы керек. Бұл ой Масктің да көңілінен шығады. Сөйтіп ғаламдық жобаларды дүниеге әкелді. Тіпті қазір айтып жүрген Марсты отарлау, жасанды интеллектіні дамыту сынды идеялар осы кітапты оқығаннан кейін келген деседі.
«Уақыттың қанша теперішін көрсе де, мыңқ етпейтін цивилизация құру деген идея маған қатты шабыт берді, —деген екен ол The Guardian басылымына берген сұхбатында.
3. Benjamin Franklin: An American Life — «Бенджамин Франклин. Биография» (Уолтер Айзексон)
Кітап туралы
Айзексон XVIII ғасырдың ең атақты тұлғаларының бірі —Бенджамин Франклиннің өмірі туралы жазған. Бұл кітапта оның өмірі егжей-тегжейіне дейін сипатталған. Франклин мемлекет қайраткері, дипломат қана емес, өнертапқыш, кәсіпкер әрі журналист болған. Оның артынан қоғамның дамуына орасан үлес қосуға ықпал ететін қаншама идея қалған. Бұл — үлкен мұра.
Маск неге бұл кітапты ұсынады?
Маск Франклиннің өміріне тамсана қарайды. Оны өзіне үлгі тұтады. Өйткені Бенджамин өзін түрлі салада сынап көрген.
«Бенджамин Франклин ең ұлы кәсіпкерлердің бірі болды. Бәрін нөлден бастаса да, әлемді өзгертетін инновациялар ойлап тапты. Идеясын сата білді», — деген еді ол Foundation Podcast-қа берген сұхбатында.
4. The Moon Is a Harsh Mistress — «Луна — суровая хозяйка» (Роберт Хайнлайн)
Кітап туралы
Бұл антиутопия-романда Жерден бөлек шыққысы келетін Ай туралы жазылған. Автор мұнда аса маңызды саяси, технологиялық тақырыптарды қаузайды. Әсіресе, ресурстарды басқару тәсілдері, жасанды интеллект, революция, болашақтағы автоном жүйелер жайлы жазады.
Маск неге бұл кітапты ұсынады?
Бұл кітапта ғарышты отарласа қалай болуы мүмкін деген ой өте шынайы, егжей-тегжейлі сипатталған. Сондықтан мықты ойластырылған ғылыми-фантастикалық әдебиет деп айта аламыз.
«Бұл роман өте шебер жазылған. Басқа ғаламшарларды игеру идеясының фантастика емес, шынымен мүмкін екенін көрсеткен», — деген Маск The Washington Post-қа берген сұхбатында.
5. Superintelligence: Paths, Dangers, Strategies — «Суперинтеллект: пути, опасности, стратегии» (Ник Бостром)
Кітап туралы
Бостром жасанды интеллектінің қалай дамуы мүмкін екеніне ой тастайды. Сөйтіп адам интеллектісінен асып түсетін машинадан қандай қауіп болуы мүмкін екенін де айтады. Қандай жағдайда жасанды интеллект адамға бағынбай кетуі мүмкін? Адамзатқа қандай қауіп тудыруы мүмкін? Осы сауалдарды да талдайды.
Маск неге бұл кітапты ұсынады?
Маск — жасанды интеллект саласындағы маңызды тұлғалардың бірі. Ол қазіргі таңда жасанды интеллектіге көп ақша салып жатыр. Бірақ осы сала бақылаудан шығып кете ме деп қорқатынын да бірнеше рет айтқан болатын.
«Адамзаттың болашағы туралы ойланатын болсаңыз, осы кітапты міндетті түрде оқып шығуыңыз керек», – деп жазды ол Twitter-де.
6. The Structure of Scientific Revolutions — «Структура научных революций» (Томас Кун)
Кітап туралы
Томас Кунның бұл еңбегі ғылымның қалай дамитынын сипаттайды. Оның дамуы үшін кризистер керек екенін айтады. Әлдебір теория пайда болған кезде ғалымдар қауымдастығы оны жоққа шығаруға тырысады. Содан кейін барып көпшілік арасында танылып, қабылданады.
Маск неге бұл кітапты ұсынады?
Бұл кітапта озық идеялар неге бастапқыда қабылданбай, кейін жарып шығатыны жайлы айтылады.
«Томас Кунның бұл кітабында елеулі жаңалықтардың неге алдымен жоққа шығарылатыны айтылады», — деген еді Маск Wait But Why-ға берген сұхбатында.
Еске сала кетсек, бұған дейін Билл Гейтстің сүйікті 4 кітабы және Джефф Безостың сүйікті 6 кітабы туралы жазған едік.