«Азаттық» радиосы грантының бір бөлігін алатын болды. Алайда шешуші сот әлі алда

АҚШ-тың Ғаламдық медиа жөніндегі агенттігі (USAGM) Азат Еуропа/ «Азаттық» радиосына конгресс бөлген қаржының бір бөлігін беруге келісті деп хабарлады «Азаттық» радиосы.
Бұл жөнінде АЕ/АР-дың USAGM басшылығына талап-арызы бойынша сот отырысы өтердің алдында, 24 наурызда белгілі болған.
Нәтижесінде Азат Еуропа/ «Азаттық» радиосы 1-14 наурыз аралығын қамтитын 7,46 млн доллар соманы алады.
«Агенттік төлем жасауға қажет жылдам әкімшілік шараларды орындады» делінген USAGM-нің сот ісіне тіркелген хатында.
Азат Еуропа/Азаттық радиосы биылғы бюджет жылының соңына, яғни 2025 жылғы 30 қыркүйекке дейін бөлінген грант қаржысын алуға талпынып жатқанын жеткізді. 2025 жылғы бюджетке шамамен 153 млн доллар қарастырылған. Бұл бойынша сот алдағы апталарда шешім шығаруы керек.
16 наурызда АҚШ президенті Дональд Трамп құрамында Азат Еуропа/Азаттық радиосы қарайтын ғаламдық медиа жөніндегі агенттік бар жеті федералдық агенттіктің қызметін қысқарту туралы жарлыққа қол қойған.
Bloomberg басылымы Дональд Трамптың бұл шешіміне жобаны сынға алып келген Қытай мен Камбоджа ерекше қуанатынын жазған.