Батыс Қазақстанға тағы бір дрон құлады

БҚО-ның Жәнібек ауданында белгісіз ұшқышсыз ұшу аппаратының бөлшектері табылды деп хабарлады жергілікті Орал апталығы басылымы.
Оқиға орнында мамандар жұмыс істеп жатыр.
«Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті уәкілетті қызметтермен бірлесе отырып, Жәнібек ауданында ұшқышсыз ұшатын аппараттың бөлшектеріне ұқсас заттардың табылуына қатысты тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр», – деді полиция департаментінің өкілдері.
Облыстық полицейлер нысан елдімекендерден шалғай жерге құлағанын айтқан. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Бұл облыс аумағынан табылған үшінші ұшу аппараты. Бұған дейін дрон 18 наурызда Тасқала ауданынан табылған. Ал алғашқы ұшу аппараты облыс аумағына 18 ақпанда құлаған болатын.
Әскери шолушы Амангелді Құрмет Батыс қазақстан облысына құлаған ұшу аппараты Ресейдің Shahed дроны екеніне күмән келтірмейді.