Биыл 20 электрлік автожанармай құю бекеті салынады

Елде электромобильдердің аккумуляторлық батареяларын зарядтау бойынша қызметті 25 заңды тұлға мен 42 жеке кәсіпкер ұсынады. Бұл туралы премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр депутатар сауалына берген жауабында айтты.
Оның сөзінше, қазіргі таңда республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 27 электрлік автожанармай құю станциясы істейді. Ал оларды орнату бойынша жұмыстар жалғасады.
«2025 жылы тағы 20 жаңа станцияны пайдалануға беру жоспарлануда, бұл электр көліктерінің иелері үшін зарядтау инфрақұрылымының қолжетімділігін едәуір арттырады. Бекітілген Ұлттық инфрақұрылымдық жоспарға сәйкес, 2029 жылға қарай ЭАС санын 78 бірлікке дейін арттыру жоспарлануда» дейді ол.
Сондай-ақ ол биыл 16 автожанармай құю бекетін салу жоспарланып отырғанын, оларда қазіргі уақытта ЭАС орнату мәселесі пысықталып жатқанын жеткізді.
Сонымен қатар жауапта электромобильдерге жол бойғы сервистік қызмет көрсетуді кеңейту шеңберінде «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ЭАС салуға және пайдалануға жеке инвестициялар тарту бойынша шараларды іске асыратыны атап өтілген.
1Осылайша, ЭАС инфрақұрылымын дамыту саласындағы ынтымақтастық пен даму шеңберінде 2024 жылғы 28 шілдеде «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мен «QazaqEnergyCharge» ЖШС арасында ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл туралы Меморандум жасалды» деді ол.
Бұған дейін электрокарлар мен гибрид көліктер шығаратын Қытай автогиганты BYD электромобильді бес минутта қуаттайтын құрылғыны таныстырып, көптің таңданысын тудырған. Аталған бренд өз елінде ақпан айының сатылым нәтижесі бойынша сөзсіз көшбасшы атанған. Ал әлемдік рейтиңде үздік ондыққа енген. BYD енді )азақстанда да ресми түрде сатылады.