Песков Эр-Риядтағы келіссөздің мазмұны жарияланбайтынын айтты

Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Сауд Арабиясында 12 сағатқа жалғасқан Ресей-АҚШ келіссөздерінің мазмұнын күтпеуге шақырды. Бұл туралы Интерфакс агенттігі жазды.
«Бұл техникалық келіссөз. Олар егжей-тегжейлі талқылауды қамтиды, сондықтан, әрине, олардың мазмұны жарияланбайды. Мұны күтудің қажеті жоқ» деген Песков келіссөздер қорытындысы бойынша қандай да бір мәлімдеме жасала ма деген сұраққа жауап бере отырып.
Дүйсенбі күні Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында Ресей мен АҚШ сарапшылары деңгейінде келіссөз өтіп, ол 12 сағатқа созылған. БАҚ деректеріне сәйкес, олардың нәтижелері сейсенбі күні жариялануға тиіс болған. Келіссөзде энергетикалық нысандарды атқылауды 30 күнге тоқтату туралы келісімнің шарттары талқыланатыны айтылған.
Ақ үйдегі дереккөз Reuters агенттігіне Эр-Риядтағы келіссөзде ілгерілеу байқалғанын әрі «жақын арада» «оң мәлімдеме» күтілетінін хабарлаған.
Reuters агенттігі екі тарапқа – Мәскеу мен Вашингтонға мақұлдауға жіберілген ортақ мәлімдеме жобасы сейсенбі күні жариялануы мүмкін екенін жазған.
CBS News агенттігі де АҚШ пен Ресей сейсенбі күні таңертең Эр-Риядтағы келіссөз қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме жасауы мүмкін екенін хабарлаған.
Бұған дейін тараптардың басты тұлғалары Путин пен Трамп телефон арқылы сөйлесіп, оның да мазмұны толық жарияланбаған.