Кореядағы алапат орман өртінен мың жылдық тарихы бар храм өртеніп кетті

Оңтүстік Кореяның оңтүстік-шығыс аймағын жайлаған орман өрті сейсенбіде өрши түсті. Өрт сөндірушілер жойқын жалынды ауыздықтауға барынша күш салғанымен, өрт бірнеше ғасырлық тарихы бар храмды күлге айналдырды, деп хабарлады Yonhap News.
Жұма күні елдің оңтүстік-шығысындағы Санчхонг округінде басталған өрт көршілес Уйсон ауданына тарап, кейіннен Андон, Чхонсхон, Ёнъян және Ёндок аймақтарына дейін жетті, деп хабарлады өрт сөндіру қызметі.
Қызыл жалын 681 жылы Силла дәуірінде салынған ежелгі Гунса храмын күлге айналдырған. Онда сақталған ұлттық қазыналар қауіпсіз жерге көшірілген.
Билік ЮНЕСКО-ның мұралар тізіміне енгізілген Андондағы Хахо фольклорлық ауылына да қауіп төніп тұрғанын мәлімдеп, оны қорғау үшін барлық мүмкіндіктерді жұмылдыруда.
Елдің уақытша президенті Хан Док Су аймақтық билікке «барлық әкімшілік ресурстарды» жұмылдырып, тұрғындарды қауіпсіз жерге эвакуациялауды тапсырды. Ол сондай-ақ өртті тез арада сөндіру үшін барлық техникалар мен қызметкерлерді іске қосу қажеттігін айтты.
Ұлттық өртке қарсы қызмет төтенше жағдайға жауап қату деңгейін ең жоғарғы «3-деңгейге» көтерді.
Құрғақ әрі қатты желдің әсерінен тез таралған өрт 14 000 акрдан астам орманды күлге айналдырды. Мыңдаған адам, оның ішінде Андон қаласының барлық тұрғындары, үйлерін тастап шығуға мәжбүр болды.
Өрт салдарынан 6 адам, оның ішінде 4 өрт сөндіруші қаза тапқан, ондаған адам жарақат алды.
Бұған дейін, алапат өртке байланысты елде төтенше жағдай жарияланған.