
Оңтүстік Кореяның оңтүстік-шығыс аймағын жайлаған орман өрті 26 наурызда өрши түсті. Өрт сөндірушілер жойқын жалынды ауыздықтауға барынша күш салғанымен, өрт бірнеше ғасырлық тарихы бар храмды күлге айналдырды деп хабарлады Yonhap News.
21 наурыз, жұма күні елдің оңтүстік-шығысындағы Санчхонг округінде басталған өрт көршілес Уйсон ауданына тарап, кейіннен Андон, Чхонсхон, Ёнъян және Ёндок аймақтарына дейін жетті деп хабарлады өрт сөндіру қызметі.
Қызыл жалын 681 жылы Силла дәуірінде салынған ежелгі Гунса храмын күлге айналдырған. Онда сақталған ұлттық қазыналар қауіпсіз жерге көшірілген.
Билік ЮНЕСКО-ның мұралар тізіміне енгізілген Андондағы Хахо фольклорлық ауылына да қауіп төніп тұрғанын мәлімдеп, оны қорғау үшін барлық мүмкіндік жұмылдыруда.
Елдің уақытша президенті Хан Док Су аймақтық билікке «барлық әкімшілік ресурсты» жұмылдырып, тұрғындарды қауіпсіз жерге эвакуациялауды тапсырды. Сондай-ақ өртті тез арада сөндіру үшін барлық техника мен қызметкерді іске қосу қажеттігін айтты.
Ұлттық өртке қарсы қызмет төтенше жағдайға жауап қату деңгейін ең жоғарғы «3-деңгейге» көтерді.
Құрғақ әрі қатты желдің әсерінен тез таралған өрт 14 000 акрдан астам орманды күлге айналдырды. Мыңдаған адам, оның ішінде Андон қаласының барлық тұрғыны, үйлерін тастап шығуға мәжбүр болды.
Өрт салдарынан 6 адам, оның ішінде 4 өрт сөндіруші қаза тапқан, ондаған адам жарақат алды.
Бұған дейін, алапат өртке байланысты елде төтенше жағдай жарияланған.