Александр Лукашенко жетінші мәрте Беларусь президенті қызметіне кірісті

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Александр Лукашенко жетінші мәрте Беларусь президенті қызметіне кірісті
Александр Лукашенко жетінші мәрте Беларусь президенті қызметіне кірісті/Фото: БелТа

Беларусь астанасы Минскіде президент Александр Лукашенконың инаугурация рәсімі өтті, деп хабарлады БелТа агенттігі. Ол осылайша, ресми түрде қатарынан жетінші рет ел президенті атанып отыр.

Ұлықтау рәсімі Тәуелсіздік сарайында өтті. Салтанатты шарада алғашқы болып Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Игорь Карпенко сөз сөйлеп, Александр Лукашенко демократиялық сайлауда ел президенті болып сайланғанын жариялады.

Лукашенко антты беларусь тілінде қабылдады, содан кейін Беларусьтің мемлекеттік гимні орындалып, ол ант қабылдау туралы актіге қол қойды. Одан кейін ОСК төрағасы оған президент куәлігін табыстады.

«Мен – бақытты президентпін, ал Беларусь – өмір сүргің келетін ел», – деді Лукашенко салтанатты рәсімде.

26 қаңтардағы сайлауда Лукашенко кезекті рет Беларусь Республикасының президенті болып сайланған. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, оған сайлауға қатысқан азаматтардың 86,82%-ы дауыс берген.

Александр Лукашенко елді 1994 жылдың 20 шілдесінен бері басқарып келеді. Ол 1994, 2001, 2006, 2010, 2015, 2020 және 2025 жылдардағы сайлауда жеңіске жеткен.

Сондай-ақ оқыңыз