Түркиядағы наразылық: 1100-ден астам адам қамауға алынды

Жарияланды (жаңартылды )
General news бөлімінің тілшісі
Түркиядағы наразылықтар: 1100-ден астам адам қамауға алынды
Түркиядағы наразылық: 1100-ден астам адам қамауға алынды/Фото: Huseyin Aldemir/AP/picture alliance

Түркияда Ыстанбұл мэрі әрі оппозиция өкілі Экрем Имамоғлу тұтқындалғаннан кейін, басталған жаппай наразылық жалғасып жатыр. Толқу кезінде ұсталғандар мыңнан асып, арасында журналистер де бар екені хабарланды.

19 наурыздан бері жалғасып жатқан наразылықтар барысында қамауға алынғандар саны 1133 адамға жеткен. Бұл туралы 24 наурыз, дүйсенбі күні, кешке Түркияның ішкі істер министрі Али Ерлыкая мәлімдеген. Түркияның Медиа және құқықты зерттеу қауымдастығының (MLSA) мәліметінше, ұсталғандар арасында 10 фотограф пен журналист бар.

Жергілікті Disk-Basin-Is БАҚ қызметкерлерінің кәсіподағы жаппай ұстау әрекеттерін «баспасөз бостандығына және халықтың шындықты білу құқығына жасалған шабуыл» деп мәлімдеді.

24 наурыз кешінде Ыстанбұл мен Анкарада мыңдаған адам тағы да көшеге шығып, үкіметтің отставкасын талап еткен.

Ердоғанның реакциясы

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған демонстрацияларды қатаң сынап, оларды «зорлық-зомбылық қозғалысы» деп атады. Ол наразылық толқынына оппозициялық Халық-республикалық партиясын (ХРП) кінәлады. Бұл партияның құрамында Имамоғлу да бар.

Түркияның Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 19-23 наурыз аралығында елдегі наразылықтар кезінде 123 полиция қызметкері зардап шеккен.

Бұған дейін ХРП қамауға алынған Ыстанбұл мэрі Экрем Имамоғлуды президенттікке ұсынған. Партия ішілік праймеризге 15 миллион адам қатысып, оның 13,2 миллионы Имамоғлуды қолдаған. Ол жалғыз үміткер болған.

Түркиядағы қазақстандық студенттер

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Түркияда тағылымдамадан өтіп жатқан 25 қазақстандық стипендиат қауіпсіз жерде екенін хабарлаған.

Ал Сыртқы істер министрлігі Түркиядағы Қазақстан азаматтарын адам көп жиналатын жерге бармауға шақырып, дипломатиялық өкілдіктердің байланыс нөмірлерін жариялаған:

  • ҚР Елшілігі (Анкара): +905352734496 
  • ҚР Бас консулдығы (Ыстамбұл): +905012621465 
  • ҚР Бас консулдығы (Анталья): +905394400522 
  • ҚР Бас консулдығы (Измир): +905530998789 

Түркияның шетелдік жастарға арналған Türkiye Bursları бағдарламасы арқылы оқып жатқан қазақстандық студенттер саны әзірге белгісіз. Бағдарлама аясында жылына бакалавриат, магистратура, докторантураға 5000 студент қабылданады

Сондай-ақ оқыңыз