UX-зерттеулер қалай және не үшін жасалады

Жарияланды
UX-зерттеулер не үшін жасалады/ Фото: shutterstock

Дижитал өнім жасаған кезде орындалатын маңызды дүниенің бірі — UX-зерттеулер. Өйткені сол арқылы қолданушыларға интерфейстің қаншалықты түсінікті екені, қандай мәселелерге тап болатыны және оны қалай шешуге болатынын біле аламыз. Егер осы кезеңді қалдырып кетсе, компаниялар алдағы уақытта клиенттен айырылып қалып не әлдебір қиындыққа тап болуы әбден мүмкін. Бүгінгі материалда UX-зерттеудің қалай жасалатынын, қандай түрлері барын және оның нәтижесі жұмысқа қалай көмектесетінін айтамыз.

UX-зерттеудің қаншалықты қажеті бар?

UX-зерттеулер бағдарламашыларға, дизайнерлерге және бизнеске аудиториясын жақсырақ түсінуге көмектеседі. Қолданушы тәжірибесі туралы шынайы деректер қолда болмаса, өнім шикі жасалуы мүмкін. Соның кесірінен алда көп қате шығады.

UX-зерттеудің басты міндеттері:

  • Қолданушыларға не керегін анықтап, осылайша өнімнің сол мәселелерді шеше алатынына көз жеткізуге көмектеседі;
  • Қолданушыға түсініксіз болатын тұстар белгілі болады.
  • Интерфейстің қаншалықты қолайлы және түсінікті екені бағаланады. Бәлкім, бір жерлерді өзгерту керек шығар.
  • Проблема неғұрлым ерте табылса, оны жөндеуге кететін ақша соғұрлым азырақ болады.
  • Конверсия, қатысым, қолданушылардың көңілін шығу сияқты басты метрикаларды жақсартуға көмектеседі.

UX-зерттеулер жасау қолданушылар тәжірибесі бизнестің нәтижелеріне тікелей әсер ететін салаларда (e-commerce, финтех, мобайл қолданбалар мен ұжымдық сервистерде) өте маңызды.

UX-зерттеудің басты кезеңдеріне шолу

1. Мақсат пен міндеттерді анықтап аламыз

UX-зерттеуге кіріспес бұрын нақты қандай мәселелерді қарастыру керегін анықтап алу керек. Сонда әдістеме таңдағанда жаңылмайсыз. Оған қоса керек емес деректерді жинап уақыт құртпайсыз.

Мысалы:

  • Неге қолданушылар интернет-дүкенге кіріп, тауарларды қарайды да, алмай шығып кетеді?
  • Мобайл қолданбаның жаңа нұсқасы қаншалықты қолайлы?
  • Интерфейс дизайнын қолданушылар қалай қабылдайды?
  • Тіркелген кезде жаңа юзерлер қай тұста қиналып, түсінбейді?

Сауалдарды дөп бассаңыз, жауап та нақты болады. Оған қоса компанияның бизнес-мақсатын да ескеру керек. Сонда жасалған зерттеудің жемісін көресіз.

2. Зерттеу тәсілін таңдаймыз

Зерттеу әдістемесі сіздің қойған мақсатыңызға қарай таңдалады. Жалпы алғанда барлық UX-зерттеуді сандық және сапалық әдіске бөліп қарастыруға болады.

Сапалық әдістер

Бұл әдістер арқылы қолданушылардың әрекетін тереңірек түсініп, не күтетінін анықтауға болады.

  • Сұхбат құрамыз – қолданушылардың жеке әңгіме жүргізіп, олардың қалауын, тәжірибесін, қай тұсы ұнамайтынын анықтаймыз. Сонда егжей-тегжейлі инсайт аламыз.
  • Қолданушыларды бақылаймыз– зерттеуші адамның өнімді қалай қолданатынын бақылайды. Осы арқылы жасырын қалған мәселелер су бетіне шығады.
  • Күнделік жүргіземіз – қолданушылар бірнеше күн бойы өнімді қалай қолданғанын түртіп алып жүреді. Осылайша интерфейстің күнделікті қолданысын зерттеуге мүмкіндік туады.

Сандық әдістер

Бұл әдістер қолданушылардың жүріс-тұрысына қатысты объектив деректер береді. Сол арқылы заңдылықтар анықталады.

  • Метрика анализі (Google Analytics, Hotjar, Yandex.Metrika) – қолданушылардың әрекеті, сайтта қанша уақыт отыратынын, бас тартатыны және басқа да параметрлер бақыланады.
  • Юзабилити тест – қолданушылар алдын-ала бекітілген сценарий бойынша тапсырма орындайды. Ал зерттеуші солардың әрекетін бақылап отырып, қиындық кездессе соны түртіп алады.
  • Сауалнамалар мен анкаталар – үлкен аудиториядан өнім туралы пікірін алып, сол арқылы мәселелерді анықтап, қалауын білуге болады.
  • Ең дұрысы — осы екі әдісті біріктірген. Сонда қолданушы тәжірибесі туралы толыққанды ақпарат ала аласыз.

3. Зерттеу бастаймыз

Әдістемені таңдап болсақ, енді деректер жинауға кірісеміз. Бұл кезде мына нәрселерді міндетті түрде ескеру керек:

  • Таргет аудиторияға жататын нақты қолданушыларды іріктеп аламыз.
  • Зерттеуші өз ойымен шешім шығармайтынына көз жеткіземіз. Әйтпесе жеке пікірі қосылып кетсе, ол зерттеу нәтижесін қате қылуы мүмкін.
  • Қолданушылардың интерфейсті қалай пайдаланғанын жазып отыру керек. Сол арқылы олардың әрекетіне егжей-тегжейлі анализ жасауға болады.

Мәселен A/B-тест жасалып жатыр делік. Олай болса, қолданушыларға беттің неше түрлі нұсқасы кездейсоқ көрсетіледі. Сөйтіп ол кезде қалай әрекет еткеніне қарай анализ жасаймыз.  Нәтижесінде интерфейсті қалай жасаған жөн екені көрінеді.

4. Деректерге талдау жасаймыз

Зерттеу аяқталған соң, енді алған деректерді өңдеп, соған қатысты шешімдер шығару керек. Әр әрекеттің неге олай болғанын түсінуге тырысамыз.

Талдаудың басты қадамдары мынадай:

  • Жалпы заңдылықтарды анықтаймыз. Қандай мәселе жиі кездеседі екен?
  • Қолданушыларды сегментке бөлеміз. Әр топта әр түрлі қиындық туындауы мүмкін.
  • Маңызды метрикалармен салыстырамыз. Конверсия жақсарды ма, сайтта ұзағырақ қалатын болды ма — қараймыз.
  • Қорытынды жасап, гипотеза шығарамыз.

Көрнекі болуы үшін нәтижелерді диаграмма, heatmaps не қолданушылар сессиясынан видео-анализ түрінде көрсеткен жөн.

5. Өнімді қалай жақсартуға болатынына қатысты нұсқау береміз

Бізде қолда деректер тұр. Енді соған қарап ұсыныс дайындамыз:

  • Интерфейсті өзгерту керек. Күрделі элементтерді ауыстырып, навигацияны жақсарту үшін жасалады.
  • Қолданушы жолын оңтайландыру қажет. Мысалы оңай тіркелетін қылып, сатқан кезде неғұрлым тез сатып ала алатындай қадам санын азайтуыңыз мүмкін.
  • Жаңа функционал қосу керек. Егер зерттеу барысында қолданушыларға әлдене керек екені белгілі болса, осындай ұсыныс жасалады.

Өзгерістің бәрі енгізіліп болған соң қайтадан тест жасалады. Сол арқылы алдыңғы айтылған мәселелердің шешілгеніне көз жеткізу керек. UX-зерттеу процесі тоқтамайды. Оны тұрақты түрде жасап отыру қажет.

Мына қателіктерді жасамаңыз!

  • Мақсатыңызды нақтыламай, кіріспеңіз. Себебі сұрақтар нақты болмаса, зерттеудің мәні болмайды. Қолға түскен деректерді ондайда түсіндіру де қиын болады.
  • Қолданушы аясы тым тар болып қалмасын. Егер азғантай адамға ғана сынақ жасалса, онда нәтиже дәл шықпауы мүмкін.
  • Деректерге қол сілтей салмаңыз. Егер зерттеу кезінде әлдебір мәселенің басы қылтиса, оны ескермей қоя салуға болмайды. Көбіне компаниялар проблема барын көре тұра әрмен қарай жұмысты жалғастыра береді. Бұл қате!
  • Деректерді бұрмаламаңыз. Шешім қабылдағанда асығыстық жасамаңыз. Бір жағдайға бола бәріне қатысты шешім шығармаңыз.

Еске сала кетсек, бұған дейін UX/UI дизайн мен психологияның арасындағы байланысты туралы жазған едік. Неліктен UX-дизайнердің ментал қабылдауы жұмыс барысында өте маңызды болады? 

Сондай-ақ оқыңыз