Алаяқтар KASE атынан парақша ашып, акциялар сыйлаймыз деп алдаған

Қазақстандықтарды қаржылық сауаттылыққа үйретуге алаяқтар да кірісті. Олар Қазақстан қор биржасының (KASE) атынан азаматтарды тіркеуге шақырып, танымал спикерлердің сөз сөйлейтінін уәде етеді. Сонымен қатар әр қатысушыға он акция сыйға берілетіні айтылған, бірақ қандай компаниялардың акциялары екені нақтыланбаған.
Алаяқтар Instagram-да KASE-дің жалған парақшасын ашып, соңғы екі күнде бірнеше жазба жариялаған. Бұл туралы Stopfake.kz хабарлады.
«Биржа ешқашан жеке немесе заңды тұлғаларға KASE немесе оның қызметкерлерінің тікелей қатысуымен биржалық нарықтарда байыту қызметтерін ұсынбайды. KASE инвесторларды кіретін сайттардың мекенжайының дұрыстығын мұқият тексеруге және күмәнді парақшаларда жеке ақпарат, банк карталарының деректері, сауда платформаларына кіруге арналған логиндер мен құпиясөздерді енгізбеуге шақырады», – делінген хабарламада.
Ал KASE қаржы нарықтарында тиімді сауда шарттарын ұсынамыз деп алдайтын алаяқтардың басты мақсаты – клиенттерден мүмкіндігінше көп ақша алып, кейін ізін суыту екенін ескертті.