«Жалған ақпараттың не қажеті бар?»: Қожағапанов Антикор мәлімдемесін сотқа жасалған қысым деп санайды

Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановқа қатысты сот процесі жалғасып жатыр.
26 наурызда өткен сот отырысында қорғау тарапы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасы орынбасарының мәлімдемесіне шүйлікті деп хабарлайды KursivMedia.
Бұған дейін агенттік төрағасының орынбасары Дархан Құрақбаев Сенат кулуарында Ерлан Қожағапановтың 12 жылға сотталуы мүмкін екенін айтқан.
«Бізде кiнәсiздiк презумпциясы деген жоқ. Оның орнына сотталушы өзінің кінәлі емес екенін өзі дәлелдеуге міндетті деген принцип пайда болды. (…) Бұл – сотқа жасалып жатқан қысым. 12 жылға сотталуым мүмкін екен. Ал маған тағылған айып бойынша 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру қарастырылған. Мұндай жалған ақпараттың не қажеті бар? (…) Мен вице-министр ретінде қызметтік міндетімді 100% орындадым. Ешқандай заң бұзған жоқпын. Конституция мен лауазымдық міндеттемелеріме сай қорықпай әрекет еттім. Алты жылдан кейін ойдан шығарылған іс бойынша сотталушылар қатарында отырмын», – деді Ерлан Қожағапанов сот отырысында.
Қожағапановтың адвокаты Нұрлан Бейсекеев Конституцияның 77-бабына сүйеніп, адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша азамат жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептелетінін еске салды.
«2025 жылдың 20 наурызында БАҚ-та жарияланған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары пікіріне қатысты Мәдениет және ақпарат министрлігіне ұсыныс енгізуді, сол арқылы мұндай пікірді жариялау заңсыз екенін көрсетіп, агенттік төрағасы орынбасарының пікірін жарияланған БАҚ-қа ақпаратты жоққа шығаруды міндеттеуді сұраймын», – деді адвокат Бейсекеев.
Айта кетейік, қылмыстық істі Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Қанат Тобағалиұлы қарап жатыр.
Іс бойынша екі сотталушы бар. Бірі – бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов. Ол Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша айыпталып отыр. Бұл бапта ауыр салдарға алып келген лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану әрекеті көрсетілген. Заңда азаматтың осы әрекетті жасағаны дәлелденсе, 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылатыны көрсетілген.
Екінші сотталушы – Ләззат Көккөзова. Ол Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша айыпталып отыр. Мұнда аса iрi мөлшерде жасалған сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу әрекеті көрсетілген.
Ерлан Қожағапанов ісі
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ерлан Қожағапановты 2024 жылдың наурызында ұстаған. Ол Алматыда ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Агенттік хабарлауынша, 2018 жылы Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумының көрмесін ұйымдастыру бойынша шарт жасаған кезде форумды өткізу үшін жасалған сметада бағаны екі есе өсіріп көрсеткен. Бұл өз кезегінде бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына әкелген.
Қылмыстық іс бойынша сот процесі 2024 жылдың 25 желтоқсанында басталған.
Іс материалдарында Ерлан Қожағапановтың Алматы облысында туғаны, Астана қаласы тұрғыны екені, некеде тұрмайтыны көрсетілген.