Көлік салығы бойынша кімге жеңілдік қарастырылады

Алматыда көлік құралдарына салынатын салықтан түсетін түсімдердің өсуі байқалады, алайда әлі 60 мыңнан астам тұрғынның көлік салығы бойынша берешегі бар. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Қанағат Күлембаев мәлім етті.
2025 жылы көлік салығы 456 328 салық төлеушіге есептелген. Оларға 764 мың көлік құралы тиесілі. Салық мөлшерінің жалпы сомасы 21,9 млрд теңгені құраған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,3 млрд теңгеге артық.
Қанағат Күлембаев салық төлеудегі оң динамикаға қарамастан, көлік салығы бойынша берешек сақталып отырғанын жеткізді. Бүгінгі таңда 60 835 азаматтың 3,9 млрд теңге қарызы бар, оның 3,6 млрд теңгесі көлік салығы бойынша қарыздар. Жекелеген азаматтардың 22 млн теңгеден астам қарызы бар.
«Біз қарызды өндіріп алу бойынша белсенді жұмыс жүргізудеміз: хабарламалар жібереміз, салық бұйрықтарын қалыптастырамыз және қажет болған жағдайда мәжбүрлеп орындату шараларына жүгінеміз. Біздің басымдық – салық міндеттемелерін ерікті және уақтылы орындау», – деді Қанағат Күлембаев.
Ол азаматтарға салықты «e-Salyk azamat» мобильді қосымшасы, www.kgd.kz сайты және онлайн-банкинг арқылы төлеуге болатынын атап өтті.
Күлембаевтың сөзінше, ардагерлерге, көп балалы аналарға, мүгедектігі бар адамдарға жеңілдік қарастырылған. Алайда бұл қозғалтқыш көлемі 4 мың текше см-ден асатын автомобильдерге қолданылмайды.
Айта кетейік, 2024 жыл үшін жеке тұлғалардың көлік салығын төлеу мерзімі 1 сәуірде аяқталады.