
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Қазақфильм» киностудиясы төңірегінде айтылып жүрген әңгімелерге қатысты пікір білдірді.
Ол «Қазақфильм» жерінің сатылуы жөніндегі ақпарат негізсіз қауесет екенін айтады.
«Қазақфильмге» тиесілі жерлер киностудия иелігінде қала береді. Жер сатылған жоқ және тек кинематография мүддесі үшін пайдаланылуда» деді ол.
Балаева сондай-ақ киностудияны Астанаға көшіреді деген әңгіме де қауесет екенін, елордаға «Қазақанимация» бірлестігін көшіру мүмкіндігі қарастырылып жатқанын атап өтті.
«Қазақанимация» өндірістік база емес, анимациялық контент жасауға тапсырыстарды бөлетін құрылым. Сондықтан оның Астанаға көшуі саланың жұмысына еш кедергі келтірмейді. Өкінішке қарай, кейінгі бес жылда елімізде сапалы анимациялық фильмдер түсірілген жоқ. Осыған байланысты анимациялық индустрияны Креативті индустриялар қорының аясында дамыту орынды болмақ. Қор құрылымында анимацияны дамытуға бағытталған креативті хаб жасақталуда», – деді ол.
Балаеваның сөзінше, киноиндустрияда маңызды әрі оң өзгерістер болып жатыр. Енді фильмдерді қаржыландырудың жалпы көлемінің кемінде 30%-ы жыл сайын тікелей «Қазақфильмге» бағытталатын болады. Сондай-ақ мемлекеттік қолдауға ие болатын киножобаларды іріктеудің жаңа ережелері бекітілген. Биыл жаңа ережелер бойынша конкурс екінші рет өткізілген.
Министр желідегі жазбасында киностудияда демеушілер есебінен соңғы 15 жылда жүргізілмеген жөндеу жұмыстары басталатынын атап өтті.
Министр мәлімдемесінде ешкімнің атын атап, түсін түстемегенімен, оның бұл сөзі өнертанушы Ерлан Төлеутайдың айтып жүргендеріне жауап деп топшылауға болады. Кейінгі кездері өнертанушы мен киностудия арасында дау туындап жүр. Ерлан Төлеутай киностудия басшылығын «қазақтілді киногерлерді қақпайлайды» деп айыптап, «Қазақанимацияны» Астанаға көшірудің астарында оның жерін сату ниеті жатыр дегенді айтып жүр.
Бұған дейін мәселеге вице-министр Евгений Кочетов пікір білдіріп, өнертанушымен кездесуге дайын екенін жеткізген.