Эпилепсия: ауру туралы не белгілі, ұстама жағдайында адамға қалай көмектесуге болады

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Эпилепсия: Ауру туралы не белгілі, ұстама жағдайында адамға қалай көмектесуге болады
Эпилепсия: ауру туралы не белгілі, ұстама жағдайында адамға қалай көмектесуге болады/Фото: shutterstock

26 наурыз бүкіл әлемде эпилепсия сырқатына қоғамның назарын аударуға бағытталған «Күлгін күн» (Purple Day) ретінде атап өтіледі. Бұл күні ауру туралы және одан зардап шегетін адамдарға алғашқы көмек туралы ақпарат таратылды.

Эпилепсия деген не

Денсаулық сақтау министрлігі эпилепсияны үлкен ми қыртысындағы шамадан тыс нейрондық разрядтардан туындайтын моторлық, сезімтал, вегетативті, ойлау немесе психикалық функциялардың бұзылуының қайталанатын, негізінен қоздырылмайтын ұстамалармен сипатталатын созылмалы ми ауруы ретінде сипаттайды.

Қарапайым тілмен айтқанда, эпилепсия ми жүйесінде бұзылыстан туатын ұстама немесе дененің құрысу ауруы.

Аурудың себептері

Эпилепсияның төмендегідей себептері бар:

  • пренаталдық немесе перинаталдық кезеңдегі мидың зақымдануы (гипоксия немесе туу жарақаты, туу салмағының төмендігі);
  • туа біткен кемістіктер немесе генетикалық ауытқулар және олардан туындаған ми ақаулары;
  • бастың ауыр жарақаты;
  • миға оттегі жетпегеннен болатын инсульт;
  • менингит, энцефалит, нейроцистицеркоз сияқты ми инфекциясы;
  • кейбір генетикалық синдромдар және ми ісігі.

Ауру балаларда жиі кездеседі

Қазақстанда эпилепсиямен ауыратын 45 мыңнан астам адам бар, олардың шамамен 40%-ы балалар. Әлемдік статистикаға сай, барлық науқастың төрттен үш бөлігі 18 жасқа дейінгі топқа жатады.

Эпилепсия емделеді

Эпилепсиямен ауыратын адамдардың 70%-ы ұстамаға қарсы препараттармен дұрыс емделсе, аурудың асқынуынсыз өмір сүре алады. Эпилепсия жағдайларының 25%-ында алдын алуға болады.

Ауру асқынбаса адам жұмыс істеп, отбасын құрып, дүниеге дені сау бала әкеліп, қалыпты, толыққанды өмір сүреді.  

Ұстама кезінде не істеу керек

Эпилепсия ұстамасы жағдайында дәрігерлер науқасты тегіс жерге қойып, оған таза ауа ағынын қамтамасыз етуге кеңес береді.

  • Науқасты бас денеден жоғары болатындай етіп жатқызу керек;
  • Өзінің сілекейіне немесе құсығына тұншығып қалмас үшін науқастың басын бір жағына бұру керек;
  • Жағасын ашу керек: шарфын шешіңіз, белдігін, галстугін босатыңыз;
  • Диагноз қою үшін ұстаманың басталу және аяқталу уақытын белгілеу маңызды.
  • Адамды ұстама кезінде жалғыз қалдыруға болмайды.

Эпилепсияға шалдыққан науқастарға ұстама профилактикасы үшін үнемі дәрігер қарауынан өту, ұйқы режимін қалыпқа келтіру, ұсынылған диетаға сәйкес тамақтану, алкоголь, есірткі қолданбау, темекі шекпеу, физикалық белсенділікті сақтау, стрестен аулақ болу ұсынылады. Ұстама болған жағдайда туыстарымен байланысу үшін әрқашан олардың деректерін, байланыс телефондарын алып жүрген жөн.

Сондай-ақ оқыңыз