Жаңалықтар

Конгрестің 40-тан астам мүшесі Азаттық радиосына араша түсіп, Трампқа хат жазды

Конгрестің 40-тан астам мүшесі Азаттық радиосына араша түсіп, Трампқа хат жазды
Конгрестің 40-тан астам мүшесі Азаттық радиосына араша түсіп, Трампқа хат жазды/Фото: Азаттық радиосы

25 наурыз күні АҚШ-тың заң шығару органы – Конгрестің ондаған мүшесі ел президенті Дональд Трампқа хат жазып, құрамына Азаттық радиосы кіретін АҚШ Ғаламдық медиа агенттігін (USAGM) жабуды көздейтін жарлығын жоюға үндеді. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Өкілдер палатасы мүшелерінің айтуынша, жарлық USAGM-ге қарайтын Азаттық радиосы секілді ұйымдарға залал келтіріп, АҚШ қарсыластары – Ресей, Қытай, Иран және Солтүстік Корея елдеріне көмек болмақ.

Конгрестің 40-тан астам мүшесі қол қойған хатта USAGM-нің жабылуы АҚШ-тың әлемдегі беделі мен ықпалына соққы болатыны айтылған.

«Тікесін айтқанда, Гаванадан Каракасқа дейін және Минскіден Тегеранға дейін миллиондаған адам жабық әрі шектеулі ортада қалып қояды. Олар әлем жайлы ақпарат алуға қауқарсыз болады. Біз сізге осы жарлықты қайта қарап, USAGM мен оның хабар тарату желілерінің маңызды жұмысын жалғастыруды қамтамасыз ету жөнінде табанды талап қойып отырмыз», – деді хат авторлары.

Хат АҚШ соты Азаттық радиосының USAGM үстінен түсірген шағымы жөнінде оң шешім шығарған күні жіберілді. Трамптың жарлығынан соң USAGM Азаттыққа бөлінген Конгресс қаражатын бермей қойған. Азаттық бұл шешім заңсыз деп сотқа жүгінген. АҚШ соты Азат Еуропа/Азаттық радиосын қаржыландыруды тоқтатуға уақытша тыйым салу туралы шешім шығарған.

Бұған дейін Азат Еуропа/ «Азаттық» радиосы 1-14 наурыз аралығын қамтитын 7,46 млн доллар соманы алуға қол жеткізген.

Азат Еуропа/Азаттық радиосы биылғы бюджет жылының соңына, яғни 2025 жылғы 30 қыркүйекке дейін бөлінген грант қаржысын алуға талпынып жатыр. 2025 жылғы бюджетке шамамен 153 млн доллар қарастырылған.

16 наурызда АҚШ президенті Дональд Трамп құрамында Азат Еуропа/Азаттық радиосы қарайтын ғаламдық медиа жөніндегі агенттік бар жеті федералдық агенттіктің қызметін қысқарту туралы жарлыққа қол қойған.

Bloomberg басылымы Дональд Трамптың бұл шешіміне жобаны сынға алып келген Қытай мен Камбоджа ерекше қуанатынын жазған.