
Лифтіде баланы пышақтаған жасөспірім Астанадағы психикалық орталықта 3-қабаттан құлап зардап шеккені расталмады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова баспасөз мәслихатында айтты.
Жиында журналистер министрден жасөспірімнің анасының шағымынан кейінгі орталыққа жүргізілген тексеріс нәтижесі қандай болғанын, орталық өзіне жүктелген міндетті қаншалықты атқарып отырғанын сұрады.
Әлназарова орталыққа тексеріс жүргізілмегенін, тек сараптама тағайындалып, оның қорытындысы жасөспірім орталықта ем қабылдаған кезде оған дұрыс қарамағаны, ол құлап, зардап шеккені туралы факті расталмағанын жеткізді.
Сондай-ақ ол жасөспірімге ауыр диагноз қойылғанын атап өтіп, оны анасы қабылдағысы келмегенін айтты.
Министр арнайы орталықтарға жүргізілген сараптама стационарлық ем, көмекті ұйымдастыру мен қамқоршылардың жауапкершілігін күшейту бойынша жүйелі мәселелер барын көрсеткенін атап өтті. Енді соларды ескеріп, психологиялық қызметті жаңғырту жұмысы жүргізілмек.
Бұған дейін, лифтіде баланы пышақтаған жасөспірімнің анасы баласының әрекетін түсіндіруге тырысқан.
Оның сөзінше, ұлына 9 жыл бұрын атипиялық аутизм диагнозы қойылған, ал 3 жылдан кейін шизофрения расталған. 2023-2024 жылдары ол ауруханада ем алған.
Анасы ұлы Бахтиярдың жағдайының нашарлауына психиатриялық диспансердің 3-қабатынан құлап кетуі себеп болған деп санайды. Сөзінше оқиға 2024 жылдың жазында болған. Дәрігерлер баланы жабық бөлмеде жалғыз қалдырып, оған дұрыс бақылау жүргізбеген. Құлағаннан кейін, оның жағдайы күрт нашарлап, қоғамнан алшақтап кеткен.
Еске сала кетейік, 11 қаңтарда Астанада тұрғын үйлердің бірінде лифтіде 5 жасар балаға 14 жастағы бала пышақпен шабуыл жасаған.