
Қытайлық Xiaomi BMW компаниясының қызметкерлерін белсенді түрде жұмысқа тартып жатыр. Қытайдан тыс елдерде автокөлік бренді әлі ұсынылмағанымен, жуырда ғана автомобиль нарығына шыққан IT-алпауыт экспортқа көлік шығару туралы ойлана бастаса керек.
Шетелдегі сатылым 2027 жылы басталады
Брендті Қытайдан тыс елдерде сатылымға шығару 2027 жылға жоспарланған.Алайда дайындық қазірдің өзінде жүріп жатыр: Xiaomi өздерінің Еуропадағы зерттеу орталығына мамандар жинауды бастады және BMW қызметкерлерін белсенді түрде өзіне шақыруда. Reuters агенттігінің мәліметінше, кейбірі бұл ұсынысты қабылдап үлгерген.
Xiaomi-дің Еуропадағы зерттеу орталығын BMW-ден шыққан Рудольф Диттри басқарады. Оған BMW және осы концернге қарасты Rolls-Royce компаниясында жұмыс істеген Душан Сарак қосылады. Сонымен қатар, қытайлық компания BMW-ден Яннис Хеллвигті де тиімді ұсынысымен жұмысқа тарта алды. Компанияның дерегінше, ол жетекші инженер қызметін атқарып, жаңа технологияларды әзірлеу және біріктірумен айналысады.
Маман тарту жалғасады
Xiaomi-дің Еуропадағы зерттеу орталығында бірнеше бос жұмыс орны әлі де бар.Атап айтқанда, компания дизайнерлер мен динамика бойынша инженерлер іздеуде. Бейресми ақпаратқа сәйкес, зерттеу орталығы BMW штаб-пәтері орналасқан Мюнхен қаласына жақын жерде ашылады. Reuters агенттігінің болжамынша, бұл орталықтың негізгі міндеттерінің бірі Xiaomi автокөліктерін Еуропа нарығына сертификаттау және бейімдеу болмақ.
Xiaomi шығарған алғашқы модель — электрлік седан SU7
Кейінірек оның қуатты нұсқасы SU7 Ultra ұсынылды, ал қазір YU7 кроссовері сатылымға дайындалуда. 2026 жылы аталған көліктердің қатарына салоны кең жол талғамайтын көлік қосылмақ. Бұл қытайлық бренд шығаратын алғашқы гибрид көлік болмақ, әзірге ол Kunlun кодтық атауымен белгілі.
Өндіруші Еуропалық реттеуші органдармен келіссөздерді бастады
Сондай-ақ Xiaomi компаниясы Еуропалық реттеуші органдармен келіссөздер жүргізіп жатқаны белгілі болды. Бұл компанияға көліктерін сертификаттау талаптарын алдын ала зерттеуге мүмкіндік береді. Әсіресе, қауіпсіздік және экологиялық стандарттарға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл өнімді нарыққа жылдам шығаруға көмектесуі мүмкін.
Сонымен қатар инсайдерлердің мәліметінше, Xiaomi еуропалық автокөлік өндірушілермен және автокомпоненттер жеткізушілерімен серіктестік орнату мүмкіндігін қарастыруда. Бұл компанияға логистикалық шығындарды азайтуға және көліктерін еуропалық тұтынушылардың сұранысына бейімдеуге мүмкіндік береді.
Осылайша, Xiaomi тек тәжірибелі мамандарды жинап қана қоймай, сонымен қатар еуропалық автонарықта жету үшін жан-жақты дайындық жүргізуде.
Еске сала кетсек, 2025 жылдың басында Xiaomi SU7 Ultra сатылымға шығарылды. Дәл сол күні компания рекорд орнатты. Алдын ала тапсырыстар қабылдау басталған сәттен бастап 2 сағатта компания 10 000 авто сатып үлгерген еді. Осылайша өндіруші 2025 жылдың жоспарын бар болғаны 2 сағатта толық орындап тастады. Тоқпен жүретін седан наурыз айынан бастап жеткізіле бастайды.
Xiaomi Corporation – Азияда Xiaomi Inc. брендімен тіркелген алып компания. Ол тұрмыстық техника және оған қатысты бағдарламалық жасақтамалар өндіреді. Корпорацияның негізін 2010 жылы Lei Jun салған.