Инвестициядағы жаңа тренд: Қазақстан экономикасы қай бағытқа бет алды?

Жарияланды
2024 жылы Астанаға шамамен 1,3 трлн инвестиция тартылған / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов
Инвестициядағы жаңа тренд / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Соңғы жылдары Қазақстандағы инвестициялық белсенділік қарқын алып келеді. 2024 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 19,4 трлн теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 7,5%-ға артқан. Бұл – экономикадағы оң серпіннің айқын көрінісі. Бірақ бұл сандардың артында не жатыр? Қай салаға көбірек қаржы құйылды? Инвесторлар қай жаққа бет бұрды? Осы сұрақтарға бірге үңіліп көрейік.

Негізгі капиталға салынған инвестиция / Инфографика: kursivmedia, бильд-редактор: Нұрсұлтан Ерболатұлы
Негізгі капиталға салынған инвестиция / Инфографика: kursivmedia, бильд-редактор: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Инвестиция қайдан келді?

2024 жылғы инвестициялардың негізгі көзі – жеке сектор. Нақтырақ айтсақ, негізгі капиталға салынған инвестицияның 64,4%-ы (12,5 трлн теңге) кәсіпорындар мен жеке компаниялардың өз қаржысынан құралған. Бұл бизнес ортадағы сенімнің жоғары екенін және кәсіпкерлердің болашаққа деген үмітінің зор екенін көрсетеді.

Басты инвесторлар кімдер? / Инфографика: kursivmedia, бильд-редактор: Нұрсұлтан Ерболатұлы
Басты инвесторлар кімдер? / Инфографика: kursivmedia, бильд-редактор: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Мемлекеттік қолдау да айтарлықтай – 4,1 трлн теңге немесе жалпы инвестицияның 21,1%-ы бюджет есебінен құйылған. Ал банктер арқылы тартылған несие көлемі өте төмен – 0,7 трлн теңге немесе 3,8%-ды ғана құрады. Бұл банк секторының инвестициялық процестерге белсенді араласпай отырғанын білдіреді.

Демек Қазақстандағы инвестициялық нарықтың негізгі қозғаушы күші – жеке сектор. Алайда банктердің пассивтілігі – бұл саладағы әлеуеттің толық іске аспай отырғанын көрсетеді.

Халықтың қалтасына инвестиция қалай әсер етті?

Халықтың жан басына шаққандағы инвестиция көлемі соңғы жылдары тұрақсыздық танытуда.

  • 2019 жылы бұл көрсеткіш 686 мың теңге болса,
  • 2020 жылы күрт төмендеп, 654 мың теңге болған.
  • 2021 жылы қайта өсіп, 697 мың теңге жеткенімен,
  • 2022 жылы құлдырап, 777 мың теңгені ғана құрады.
  • 2023 жылы нағыз серпіліс болды – көрсеткіш 887 мың теңгеге дейін өсіп, рекорд орнатты!
  • Бірақ 2024 жылы бұл көрсеткіш қайта құлдырап, 961 мың теңгені құрады.

Республика бойынша жан басына шаққанда инвестиция көлемі 961 мың болғанымен кейбір өңірлер арасындағы айырмашылық 7 есеге дейін жетіп жатыр. Мысалы Атырау облысында жан басына шаққанды инвестиция көлемі 3 млн теңгеден асса, Жамбыл облысында 400 мың теңгеден сәл асады. 

Инвестициялық өсім халықтың өмір сүру деңгейіне бірден әсер етпейді. Бірақ 2024 жылғы серпіліс экономикалық әлеуеттің жоғары екенін дәлелдейді.

Жан басына шаққанда өңірлердегі инвестиция / Инфографика: kursivmedia, бильд-редактор: Нұрсұлтан Ерболатұлы
Жан басына шаққанда өңірлердегі инвестиция / Инфографика: kursivmedia, бильд-редактор: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Қазақстандағы инвестициялар: әлемдік трендтермен салыстырғанда қай деңгейдеміз?

Қазақстандағы инвестициялық өсім айтарлықтай оң нәтиже көрсетіп отыр. Алайда бұл көрсеткіштерді көрші елдермен және экономикалық тұрғыдан ұқсас мемлекеттермен салыстырғанда қандай қорытынды жасауға болады?

Қазақстан жан басына шаққанда Өзбекстаннан екі есе жоғары тұр. Дегенмен Ресейдегі жан басына шаққандағы инвестиция Қазақстаннан шамамен 40%-ға жоғары. Польшадағы жан басына шаққандағы инвестиция Ресейден сәл төмен болғанымен, Қазақстаннан 28%-ға жоғары.

Кейбір елдердегі инвестицияның жан басына шаққандағы жағдайы қандай? / Инфографика: kursivmedia, бильд-редактор: Нұрсұлтан Ерболатұлы
Кейбір елдердегі инвестицияның жан басына шаққандағы жағдайы қандай? / Инфографика: kursivmedia, бильд-редактор: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Қазақстандағы жеке сектордың үлесі айтарлықтай жоғары (64,4%), бұл экономикалық белсенділіктің оң белгісі. Алайда банк секторының үлесі небәрі 3,8% болғаны – үлкен кемшілік. Мысалы, Ресейде бұл көрсеткіш 15%, ал Польшада 8%.

Қазақстан инвестиция көлемі бойынша айтарлықтай жақсы көрсеткішке ие, бірақ Ресей мен Польша деңгейіне жету үшін қосымша ресурстар мен реформалар қажет.

Банк секторының белсенділігін арттыру, шетелдік инвестицияларды көбірек тарту және инфрақұрылымға басымдық беру арқылы бұл алшақтықты қысқартуға болады.

Егер Қазақстан жан басына шаққандағы инвестицияны 3 000 доллар деңгейіне жеткізсе, бұл экономикалық серпілістің айқын белгісі болмақ 

Қай салада серпіліс бар?

Қазақстандағы инвестициялық нарықтағы ең қызықты тренд – білім беру саласына бағытталған қаржының артуы. Соңғы 5 жылда білімге инвестиция 7 есе өсті. Жеке меншік мектептердің саны жылдан жылға көбейіп келеді. Бұл ата-аналардың сапалы білімге деген сұранысының артқанын және жеке сектордың осы мүмкіндікті сәтті пайдаланып отырғанын көрсетеді.

Соңғы 5 жылда білімге инвестиция көлемі 7 есе өсті / Инфографика: kursivmedia, бильд-редактор: Нұрсұлтан Ерболатұлы
Соңғы 5 жылда білімге инвестиция көлемі 7 есе өсті / Инфографика: kursivmedia, бильд-редактор: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Жеке мектептердің саны тұрақты түрде өсіп келеді – бұл білім беру саласына салынған инвестицияның өз жемісін беріп жатқанын аңғартады.

Өңдеу саласындағы инвестиция 

Қазақстандағы инвестициялық құрылымда соңғы жылдары айтарлықтай өзгерістер байқалуда. Бұрын инвестицияның негізгі үлесі тау-кен секторына бағытталған болса, қазір өңдеу өнеркәсібіне салынатын қаржы көлемі тұрақты түрде артып келеді. Бұл экономиканың әртараптанып, шикізатқа тәуелділіктен біртіндеп арылып жатқанын көрсетеді.

Өңдеу өнеркәсібіне инвестиция қарқынды өсіп келе жатыр / Инфографика: kursivmedia, бильд-редактор: Нұрсұлтан Ерболатұлы
Өңдеу өнеркәсібіне инвестиция қарқынды өсіп келе жатыр / Инфографика: kursivmedia, бильд-редактор: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Банк секторының белсенділігі неге төмен?

Банктер арқылы тартылған инвестиция көлемі бар болғаны 3,8%-ды ғана құрайды. Бұл несие саясатының тым қатал екенін немесе бизнеске қолайлы шарттардың жасалмағанын білдіруі мүмкін. Егер банк секторы инвестициялық процестерге белсендірек қатысса, жалпы инвестиция көлемі айтарлықтай өсер еді.

Мүмкін, банктер пайыздық мөлшерлемені төмендетіп, несие беру талаптарын жұмсартуы керек шығар?

Не істеу керек?

  • Банктердің инвестициялық процестерге қатысуын күшейту – икемді несие саясаты арқылы бизнесті қолдау маңызды.
  • Жеке секторға салықтық және реттеуші жеңілдіктер жасау – бизнес өз қаржысын батыл сала алатындай жағдай жасау керек.
  • Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін жетілдіру – инфрақұрылымдық жобаларға жеке капиталды тарту арқылы экономиканы әртараптандыру қажет.
  • Шетелдік инвесторлар үшін қолайлы климат қалыптастыру – ашықтық пен тұрақтылықты қамтамасыз ету маңызды.

Неге Қазақстан инвестициялық тартымдылық бойынша артта қалып отыр?

  • Шетелдік инвесторлар үшін тартымды климат әлі де толық қалыптаспаған.
  • Бюрократиялық кедергілер мен әкімшілік рәсімдердің күрделілігі шетелдік инвестицияның көлемін шектейді.
  • Тұрақсыз реттеу саясаты – инвесторлар үшін маңызды фактор.
  • Инвестициялық қорлардың жеткіліксіздігі – Қазақстанда венчурлік капитал мен стартаптарға қолдау төмен.

Қорытынды: Өсу бар, бірақ толық әлеует ашылған жоқ!

Қазақстандағы инвестициялық ахуал жалпы оң динамиканы көрсетіп тұр. Бірақ толық әлеуетке жету үшін банк секторын жандандыру, мемлекеттік қолдауды күшейту және инфрақұрылымға бағытталған инвестицияларды арттыру қажет. Жеке сектордың белсенділігі – экономиканың тірегі, ал мемлекеттік қолдау мен банктік қаржыландыру бұл белсенділікті тұрақты етеді.

Сондай-ақ оқыңыз