
2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы алғашқы жеңісіне жетті. 26 наурызға қараған түні Лихтенштейн астанасы Вадуц қаласындағы «Райнпарк» стадионында өткен матчта Қазақстан құрамасы алаң иелерін 2:0 есебімен тізе бүктірді.
Есеп бірінші таймның соңында ашылды – Максим Самородов ұлттық құрама сапындағы төртінші голын соқты.
Одан кейін 1 таймның қосымша уақытында 34 жастағы қорғаушы Александр Марочкин Қазақстан құрамасы сапындағы алғашқы голын соғып, есепті еселеді. Бұл Марочкиннің ұлттық құрамадағы 51-матчы болды.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына іріктеу ойындарында соңғы рет 2013 жылдың 6 қыркүйегінде жеңіске жеткен еді. Ол кезде Астанада өткен кездесуде Фарер аралдарын 2:1 есебімен жеңген.
Одан кейінгі үш іріктеу циклында ұлттық құрама сәтсіз нәтиже көрсетті:
- 2014 жылғы әлем чемпионатына іріктеуде – 2 жеңіліс, 1 тең ойын,
- 2018 жылғы додада – 7 жеңіліс, 3 тең ойын,
- 2022 жылғы турнирге іріктеуде – 5 жеңіліс, 3 тең ойын.
Осылайша, Қазақстан құрамасы 11 жыл 6 айдан кейін әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде тарихи жеңіске қол жеткізді.
Еске сала кетейік, бұған дейін ұлттық құрама сапында дебют жасаған Дастан Сәтпаевтің рекорд орнатқаны туралы жазған едік.