Ресей іздеу салған Екатерина Шульман Нәрікбаев атындағы университетте жұмыс істемейді

Мақсұт Нәрібаев атындағы университетінде жұмыс істеген белгілі саясаттанушы Екатерина Шульманға Ресей Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша іздеу жарияланды. Алайда, Шульманмен Қазақстандағы жоғары оқу орны – MNU еңбек шартын тамыз айында үзген.
«Екатерина Шульман өткен оқу жылынан бері Maqsut Narikbayev University-де ассоциирленген профессоры емес. Онымен жасалған еңбек шарты 2024 жылғы 1 тамызда бұзылған», – делінген MNU хабарламасында.
Іздеу салу себебі ретінде қылмыстық іс қозғалуы көрсетілген. Алайда Шульман нақты не үшін іздеу жарияланғанын өзінің YouTube арнасында түсіндіріп өтті.
«Қандай бап бойынша іздеуге жарияланғаны маған беймәлім. Кейбір бақылаушылар бұл «жөнсіз ұйыммен ынтымақтастық» деген айып болуы мүмкін деп топшылап отыр. Бірақ бұл жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама ғана бар. Ал әкімшілік іс аясында ешкімді іздеуге жарияламайды. Егер қылмыстық бап болса – ол мүлде күтпеген нәрсе болуы мүмкін. Бізге ресми түрде ештеңе хабарланған жоқ, менің адвокатыма да», – деді саясаттанушы.
Еске салайық, Екатерина Шульмaн 2023 жылы Нәрікбаев университетінің профессоры атанып, Астанаға арнайы келіп, Қазақстан Сенаты жанындағы Аналитика мектебінде дәріс оқыған.
Бұған дейін Шульман Ресей Федерациясында жұмыс істеп, дәріс оқыған. Алайда 2022 жылдың сәуір айында Ресей Әділет министрлігі оны «шетелдік агенттер» тізіміне қосқан. Ол Украинадағы соғыс әрекеттеріне қарсы пікір білдірген саясаткерлердің бірі ретінде белгілі.