Lifestyle

Түрік сериалдары аздырады – психологтар дабыл қағып отыр

Түрік сериалдары нейронды байланыстар арқылы мінез-құлық қалыптастырады./chatgpt
Түрік сериалдары нейронды байланыстар арқылы мінез-құлық қалыптастырады./chatgpt

Түрік сериалдары адамды рухани тұрғыдан аздырады. Адамның санасын улап, өміріне, мінез-құлқына жағымсыз әсер етеді.

Қазақстандық психологтар осындай тұжырым жасап, дабыл қағып отыр. Өйткені телехикаялар жүйкеге жүк түсіріп қана қоймай, мидың қалыптасуына да әсер етеді екен.

«Кімге күйеуге тисем, сол өле береді«

Психолог Лимана Құттыбекқызының пікірінше, телеарналардағы сериалдардың ықпалы мықты. Сараптама жасап, адам санасына қалай ықпал етуін анықтау қажет.

«Кейбір сериалдарда адам жанын ауыртатын, санасына жүк түсіретін сөздер бар. Жарнамасы жасалған кезде ол сөздер қайталанып жатады. Адамның миына құрт секілді, вирус тәрізді отырып алады да, кәдімгідей қауіпті жағдайға әкеліп соғуы мүмкін. Мәселен, түріктің «Бауырлар»  телехикаясының жарнамасында: «Кімге күйеуге тисем, сол өле береді» деген сөз бір күнде қаншама рет қайталанады», – дейді психолог.  

Лимана Құттыбекқызының айтуынша, бұл сөз миға әсер етеді. Оның үстіне, жарнама кезінде, дауыс қатты шығады. Отбасы құндылығын сақтау, арттырудың орнына адамның мейірімін өлтіріп тастайтын вирусқа айналуы мүмкін.

Азғындық қалыпты жағдайға айналады

Психолог Раушан Бірмағамбетованың айтуынша, телехикаялар балама әлем жасайды. Адамның өз өмірі қызықсыз болып көрінеді. Оларды ұдайы көретін адамдар жылдарды жоғалтатынын байқамайды. Бұл уақытты өз өмірін жақсартуға жұмсауына болар еді.

 «Түрік сериалдары адамдарды рухани тұрғыдан аздырады. Одан біз не көреміз? Бұл – әзәзілдік, өсек, агрессия, қаталдық, көзге шөп салу. Мұны ұдайы көріп жүрген адам қалыпты өмір осы екен деп ойлайтын болады. Бейсаналы түрде солай қалыптасады. Адамдар олай өмір сүргісі келмейді. Бірақ осындай телехикаяларға үйір болса, ақырындап, нейронды байланыстар арқылы сондай мінез-құлық қалыптасады. Өз өміріне көшіріп алады. Бұл өте жаман нәрсе», – дейді Раушан Бірмағамбетова.

Оның сөзіне қарағанда, телехикаялардың сюжеті көрермендердің назарын өзіне бұрып алу үшін құрылады. Бұдан киноиндустрия миллиардтаған ақша табады. Бір қарағанда, бұл жай ғана көңіл көтеру болып көрінеді. Тереңге үңілсек, нейрондар деңгейінде зиянды байланыстары түседі.

Оның үстіне, жағымсыз нейронды байланыстар тез түзіледі. Өйткені мидың қызметі сондай.

Инфосығандардың негізгі қаруы не?

Лимана Құттыбекқызының пікірінше, сериалдарды көп көрген адам ондағы жайттарды өмірде кездессе, норма деп қабылдауға бейіл.

«Адамның эмоциясын қозғайды. Инфосығандардың  негізгі қаруы – адамдардың жан жарасын тырналау. Бізде бағдарламалардың өзі сондай болып кетті. Теледидарды қоссаң, жылап отырған еркектерді көретін болдық. «Ақша жоқ еді», «енем бүйтті» деген оқиғалардан аяқ алып жүре алмайсыз. Мұның бәрі – адамдардың жан жарасын тырналау. Контент жинау үшін жасалынатыны да түсінікті», – дейді психолог.  

Оның айтуынша, адамдар қуаныш сыйлайтын дүниелерді көп көруі тиіс. Өйткені адам жетістіктер туралы көп ойланса, бұдан кейін де жетістіктерге оңай жетеді. Үнемі қорқынышты, үрейлі нәрселерді көрген сайын адамның өмірінде сондай сәтсіздіктер жиі ұшыраса бастайды екен.

«Бұл ғылыми тұрғыдан дәлелденген», – дейді психолог.

Телехикаялар ғана емес, мультфильмдерге де сақтықпен қараған жөн

Лимана Құттыбекқызы «Балапан» арнасындағы бір мультфильмге таңырқағанын айтты.

«Онда он үш жасар бала қашып келе жатқаны көрсетіледі. Сосын ол көпқабатты үйлердің төбесіне жүгіріп шығады да, төменге қарай секіріп кетеді. Былайша айтқанда, суицид жасайды», – дейді психолог.  

Оның сөзінше, бірақ мультфильмде мұны ойын секілді көрсеткен. Рухтар әлеміне, басқа әлемге ауысады. Биіктен секіріп түсіп, бала әрі қарай ойнап кете береді.

«Бір қараған адам бұған мән бермеуі мүмкін. Бірақ кейіпкер «биіктен секіріп, рухтар әлеміне ауысып кеттім» деп айтып тұр. Бұл көрініске қарап, есеңгіреп қалдым. Бұл мультфильм он үш, он төрт жастағы ауыспалы кезеңдегі балаларға арналған. Бұл – суицидті жарнамалау деген сөз», – дейді психолог.

Лимана Құттыбекқызы теледидардағы, әлеуметтік желілердегі контенттерге баса назар аударуға шақырып отыр. Оның пікірінше, теледидардағы бағдарламалар мен сериалдарды іріктеп көрген дұрыс.

«Дамыған елдерде мұндай қоқысты көрсетпейді. Оларға қатаң сүзгі бар», – дейді маман.  

Мұның алдында Бурак Өзчивиттің Наурыз мерекесінде Қазақстанға келетіні туралы жазған едік.