АҚШ-тағы саяси жанжал: шенеуніктер жиналған чатқа журналисті кездейсоқ қосып жіберген

АҚШ-та ірі саяси жанжал тұтанды. The Atlantic бас редакторы Джеффри Голдбергті қателесіп Signal қосымшасындағы шенеуніктердің топтық чатына қосып жіберген. Ол жерде АҚШ-тың жоғары лауазымды тұлғалары Йемендегі хуситтер базаларына жасалатын шабуыл жоспарының егжей-тегжейін талқылаған.
Журналисті чатқа Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі Майк Уолтц қосқан. Politico басылымы ол отставкаға кетуі мүмкін деп жазады.
«Жартысы оның бұл жағдайдан аман қалмауы керек және аман қалмайды деп есептейді», – дейді Politico-ға сұхбат берген дереккөз.
Ал екінші бір сарапшы Уолтц президентті ыңғайсыз жағдайға қалдырмас үшін өзі қызметтен кетуі тиіс. Бұл жағдайға қатысты Трамп Уолтцпен сөйлесіп үлгерген. Бірақ президент әкімшілігі оның отставкаға кетуі туралы мәселені әлі көтерген жоқ. Республикашыл партия өкілдерінің көбі оның қызметте қалуын қалайды. Өкілдер палатасының спикері Майк Джонсон Politico-ға: «Оның отставкаға кетуіне еш себеп жоқ. Ол бұл жұмысқа тамаша сай келеді және оған сенім білдірілуі тиіс», – деп мәлімдеді.
Чатта болған қандай шенеуніктер?
Signal чатында вице–президент Джей Ди Вэнс, мемлекеттік хатшы Марко Рубио, Орталық барлау басқармасының (CIA) директоры Джон Рэтклифф, Ұлттық барлау директоры Тулси Габбард, Қаржы министрі Скотт Бессент, Ақ үй әкімшілігінің басшысы Сьюзи Уайлс болған.
Олар әскери жоспарлары, оның ішінде Йемендегі хуситтерге қарсы соққы жасауды талқылады. Орталық барлау басқармасының (CIA) директоры Джон Рэтклифф оны растады. Ал АҚШ-тың қорғаныс министрі керісінше Пит Хегсет чатта шабуыл жоспары жарияланғанын жоққа шығарды.
«Әскерилердің жоспарлары талқыланған хабарламалар ешкімге жіберілген жоқ, менің айтарым осы», – деді Хегсет.
Трамптың өзі Уолтцты жақтап, ол чатқа кездейсоқ қосып жіберген журналист Джеффри Голдбергі айыптады.
«Майклды кінәлау әділетсіз, ол жақсы адам. Ал чатта болған адам оңбаған», – дейді ол.
Айта кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамп тағы бір жанжалдың ортасында қалды. Ол елдің білім министрлігін қысқартуды көздейтін жарлыққа қол қойды.
«Оны тезірек жапқымыз келеді. Оның бізге түк пайдасы жоқ», – деп түсіндірді ол бұл шешімі жайлы.