Азат Перуашев Қазақстанда криптобанк құруды ұсынды

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Қазақстанда өз криптобанкін құруды ұсынды. Оның пікірінше, мұндай жобаға Ұлттық банк пен цифрлық қаржы құралдарын сәтті енгізіп жатқан екінші деңгейлі банктер қатыса алады.
Депутат соңғы жылдары криптовалюта жаһандық қаржы жүйесінің ажырамас бөлігіне айналғанын және қазақстандықтардың оған деген қызығушылығы артып келе жатқанын атап өтті. Олар цифрлық валютаны инвестиция құралы ретінде қарастырады.
«Алайда елімізде мұндай активтерді заңды пайдалануға арналған құқықтық инфрақұрылым жоқ. Керісінше, криптовалюта айналымына тыйым салынған, бұл өз кезегінде мемлекет тарапынан криптонарықты реттеудің болмауына, цифрлық капиталдың заңсыз айналымы мен көлеңкелі экономикаға пайдаланылуына алып келуде. Кей деректерге сүйенсек, Қазақстандағы криптовалюта операцияларының 90 пайызы құқықтық алаңнан тыс жүргізіледі», – деді Перуашев.
Оның айтуынша, криптовалютаға салынған тыйым көлеңкелі нарықтың өсуіне, заңсыз айырбастау пункттерінің және салық төлеуден жалтаруға мүмкіндік беретін «сұр схемалардың» пайда болуына алып келді. Бұдан бөлек, қазақстандықтар криптоалаяқтардың, қаржы пирамидалары мен заңсыз платформалардың кесірінен ірі көлемде қаражат жоғалтып жатыр. Жыл сайын миллиардтаған теңге криптовалюта түрінде шетелге заңсыз шығарылуда, ал бұл процестер мемлекет бақылауынан тыс қалып отыр.
«Президенттің тапсырмасын ескере отырып, саланы реттеудің тиімді құралы – криптобанк құру болуы мүмкін. Бұл мекеме цифрлық активтерді заңды түрде сақтау, айырбастау және бақылау функцияларын өз мойнына алады. Мұндай институттар цифрлық активтер заңды айналымға енгізілген және финтехтің технологиялық дамыған секторына айналған алдыңғы қатарлы экономикаларда кең таралған», – деді депутат.
Перуашевтің пікірінше, мұндай институттың құрылуы Қазақстанның криптовалюта мен цифрлық қаржы саласында көрші елдерден озуына мүмкіндік береді.
14 наурызда Бурабайда өткен құрылтайда Тоқаев үкіметкен криптонарықты дамытуды тапсырған еді.