Жаңалықтар

Ресейде Инстаграм мен Фейсбукте жарнама беруге тыйым салмақшы

Фото: ашық дереккөз

Ресейде Instagram мен Facebook сияқты әлеуметтік желілердегі жарнамаға тыйым салу туралы шешім қабылданды. Заң осы жылдың күзіне қарай күшіне енеді. РФ Мемлекеттік Думасының сайтында бұл шешім тыйым салынған ресурстардың иелеріне кіріс көзін жабу мақсатында қабылданғаны атап көрсетілген. Тиісінше, ресейлік блогерлер де қосымша табыстан айырылады.

«Заң шетелдік немесе халықаралық ұйымдардың, Ресей аумағында қызметі жағымсыз деп танылған қоғамдық немесе діни бірлестіктердің, сондай-ақ сот шешімі бойынша таратылған немесе қызметіне тыйым салынған өзге ұйымдардың ақпараттық ресурстарында, сонымен қатар қолданыстағы заңнамаға сәйкес қолжетімділігі шектелген ресурстарда жарнама таратуға тыйым салады», – делінген хабарламада.

РБК-ның ADinBlog-қа сілтеме жасап жазуынша, өткен жылы ең табысты блогерлер рейтингінің көшін Ксения Собчак бастаған.

«Ол жарнамадан 37 миллион рубльден (212,7 млн теңге) астам табыс тапқан. Одан кейінгі орында тележүргізуші Ксения Бородина – 30 миллион рубль (172,5 млн теңге). Блогер Ида Галичтің жарнамадан түскен табысы шамамен 13 миллион рубльді (74,7 млн теңге) құрады. Ал шоумен Павел Волянікі – 8 миллион рубль (46 млн теңге)», – деп жазады басылым.

Заң жобасы 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді.

2022 жылы Meta компаниясы (Facebook, Instagram әлеуметтік желілерінің және WhatsApp мессенджерінің иесі) экстремистік ұйым деп танылып, оның Ресейдегі қызметіне тыйым салынған. Бұл Meta Platforms-тың Украинадағы оқиғаларға байланысты өз әлеуметтік желілерінде ресейлік әскери қызметкерлерге қарсы зорлық-зомбылыққа шақыруға уақытша рұқсат бергеннен кейін орын алған.