
Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) Қазақстанда той ұйымдастырушыларды тексере бастады. Салық қызметкерлері жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей, той өткізу арқылы табыс тауып жүрген азаматтарды назарына алады.
Tengrinews.kz сайтының хабарлауынша, әлеуметтік желілерде салық органдары той ұйымдастырушылардың кірістері мен шығыстарын салыстырып, тексеретіні туралы ақпарат тарады.
МКК бұл шараның жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей, кәсіби түрде той өткізетін кәсіпкерлерге бағытталғанын түсіндірді.
«Комитет жеке тұлғалардың салықтық міндеттемелерін толық орындауын бақылау жұмыстарын тұрақты негізде жүргізеді, олардың қызмет түріне қарамастан. Жүргізушілер, тамадалар, әншілер сияқты мамандар да салық міндеттемелерін басқа азаматтар мен кәсіпкерлермен бірдей негізде орындауы тиіс», – деп мәлімдеді комитет өкілдері.
Бұған дейін оңтүстік өңірлерде той мен үйлену рәсімдерін өткізуге қатысты арнайы ереже әзірлеу мәселесі талқыланған. Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қазақстандықтар ысырапқа жол бермей, керісінше, жас жұбайларға қаржылай қолдау көрсетуі керек дегені көпшілікке мәлім.
Ал көршілес Қырғызстанда да той мен жаназа рәсімдеріндегі ысырапқа қарсы заң қабылдау ұсынылды. Ол бойынша үйлену тойына 250-ден, ал қыз ұзату рәсіміне 100-ден артық адам шақыруға болмайды.