
2025 жылғы қаңтар-ақпан айларында республикалық бюджет табысы 3,6 трлн теңге болды. Алайда Үкімет екі айда 4,3 трлн теңге жинауды көздеген. Салық көп жиналғанына қарамастан, жоспар бар болғаны 83,7%-ға орындалды.
Қаржы министрлігінің есебінде осындай мәлімет жарияланды.
Салық артығымен жиналды
Мұндай жағдай салықтың аз жиналуынан емес, Ұлттық қордан трансферт аз жасалуына байланысты болып отыр.
Өйткені биыл қаңтар-ақпан айларында билік жоспарды 3,1%-ға асыра орындап, көздеген 2,23 трлн теңгенің орнына 2,3 трлн теңге жинаған.
Корпоративті табыс салығы бойынша жоспар 4,1%-ға артық орындалса, көптен бері биліктің бас ауруына айналған қосылған құн салығы (ҚҚС) 3,1%-ға аз жиналған.
Салықтан тыс түсімдер, соның ішінде мемлекет меншігі мен тендер өткізу табысы тым аз. Үкімет 223,3 млрд теңге жинауды көздесе, бар болғаны 182,6 млрд теңге түсті (-18,3%).
Ұлттық қордан траснферт екі айда 1,7 трлн теңге болады деп көзделген, бірақ 1 трлн теңге, яғни 57,1% ғана келді. Осы жағдай бюджет жоспарын орындауға кедергі жасады.
Шығын ше?
Қаңтар-ақпан айларында 4,1 трлн теңге шығын шығады деп жоспарланға, ол 3,6 трлн теңге болды (-12,3%). Соның салдарынан бюджет дефицит болып шықты: -13,6 млрд теңге жетіспейді. Алайда бұған дейін билік 132,8 млрд теңге көлемінде профицит болады деп күткен.