
2025 жылы Қазақстан әуе кеңістігі кем дегенде үш мәрте бұзылды. Қорғаныс министрлігі «арандатпауды» ескертсе, әскери шолушы көк аспанды қорғауға бюджеттің бүкіл қаражаты жетпейді деп есептейді.
Биыл республиканың батыс өңіріне үш мәрте белгісіз ұшу аппараты құлап түсті. Мамандар олардың бәрін Ресей дрондарына ұқсатса, ресми билік әлі күнге дейін тұшымды жауап берген жоқ.
«Арандатудың қажеті жоқ»
Республикада әуе қорғанысы қауіпсіздігіне қатысты сұрақ көп. Дегенмен қорғаныс министрлігінің өкілі бүгін де журналистердің жұмбақ дрондарға қатысты сауалына ашық жауап бермеді.
«Құзыретті органдар тергеу жүргізіп жатыр. Одан Қорғаныс министрлігі де тыс қалған жоқ. Әуе қорғанысымыз әрдайым біздің қарауымызда», – дейді Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев.
Бұған қоса, генерал-майор БАҚ өкілдеріне «арандатудың қажеті жоқ» деп ескертті.
«Бақылау бар. Біздің әуе қорғанысы күштеріміз Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы елдерімен ортақ жүйеде орналасқан. Халықты алаңдамауға шақырамын», – дейді шенеунік. Алайда ол тергеу нәтижесі нақты қай уақытта шығатынын айта алмады.
Әуе кеңістігін күзетуге ақша жоқ
Қазақстанның әуе қорғанысы қауіпсіздігіне қатысты қордаланған сауалдардың бірсыпырасын әскери шолушы Амангелді Құрметке қойдық. Оның пікірінше, әуе кеңістігін кез келген ұшатын нысанның бұзуы ірі халықаралық жанжалға апарады. Бұған қоса, елдің әуе қорғанысы күштері бөтен нысанды қажет болған уақытта атып түсіруге дайын болуы керек.
Бірақ Қазақстанның қазір бүкіл аймақты қамтитындай әуе қорғаныс күштері жоқ. Бүкіл шекара бойында зенитті зымыран кешендері тұрмайды. Жойғыш ұшақтар шекараны күзетпейді. Өте қымбат дүние. Ақшамыз жетпейді», – дейді Амангелді Құрмет Kursiv.Media тілшісіне.
Оның айтуынша, Қазақстандағы әуе қорғанысы күштерінің негізгі жұмысы – ірі қалалар мен стратегиялық нысандарды күзету. Сол себепті осындай дрондар елдің әуе кеңістігіне жиі өтіп кетіп жатыр.
«Шекараның бәрін қорғап тұру үшін өте қымбат зениттік кешендер керек. Оны орнатуға бүкіл бюджетіміз жетпейтін шығар«, – деп топшылайды сарапшы.
Әуе кеңістігін күзететін радар аз
Амангелді Құрмет Қазақстанға шағын және орта қашықтағы зениттік кешендер, сонымен бірге қуатты жойғыш авиация керек деп есептейді.
«Сонда ғана мұндай нысандарды өткізбеуге болады. Оның өзінде 100% кепілдік бере алмаймыз. Сондықтан әуе қорғанысы күштеріне қандай да бір базына айта алмаймыз. Мүмкіндігіміз сол».
Әскери шолушы Shahed, Орлан-10 немесе украин дрондары секілді шағын нысандар көбіне радарға ілікпей қалуы мүмкін екенін де ескертті.
«Оның үстіне, Қазақстанда бүкіл әуе кеңістігін жауып тұрған радарлар бар деп есептемеймін. Радарымыз аз. Ресеймен әуе қорғанысы жүйесін қалыптастырамыз деген келісіміміз бар. Көп жағдайда, солтүстік жақтан қауіп төнеді деп автоматты түрде есептемейміз. Соның салдарынан осындай оқиғалар болып жатыр», – дейді әскери шолушы.
Құлаған дрондар хронологиясы
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылы Батыс Қазақстан аумағына үш мәрте белгісіз ұшу аппараты құлады:
- Биыл 18 ақпан – Бөкейорда ауданы Ұялы ауылының тұрғындары ұзындығы 120 см ақ түсті ұшу аппаратын тауып алды;
- 18 наурыз – Тасқала ауданы Атамекен ауылына жақын маңда ұзындығы 3 метр қара түсті ұшу аппараты табылды;
- Ал 25 наурызда дәл осы өңірдің Жәнібек ауданына тағы бір белгісіз үшу нысаны құлағаны мәлім болды.
Әскери шолушы елдің батысына құлаған белгісіз ұшу аппараттарын Ресейдің Shahed 136 және Орлан-10 дрондарына ұқсатқан.